ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің терроризмге қарсы орталығы террористік топтарға қосылған қазақстандықтарды елге қайтару шараларының аяқталмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputniknews.kz.
Штаб бастығының бірінші орынбасары Сергей Швейкиннің айтуынша, осы уақытқа дейін "Жусан" операциясы аясында Сириядан Қазақстанның 595 азаматы қайтарылды. Олардың ішінде 406 бала бар.
"Репатриация процесі аяқталған жоқ. Сондықтан бұл соңғы мәлімет емес", - деді Швейкин астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Осы орайда, журналистер: "Бұл соңғы мәлімет болмаса, "Жусан" операциясы жалғасады деген сөз бе? Бәлкім, "Жусан-3" бола ма?", - деп нақтылауды өтінді.
"Бәлкім, "Жусан-3" болмайды. Себебі, бұған дейін "Жусанның" төрт кезеңі атқарылды. Қазақстан азаматтарын елге қайтару шаралары жалғасуда. Осы санаттағы адамдардың саны артады деп күтіп отырмыз", - деп атап көрсетті Швейкин.