Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматыдағы ірілі-ұсақты Жоғарғы оқу орындарын қала аумағынан тысқары жерлерге көшіру туралы айтты, деп хабарлайды «Sn.kz» сайты.
Алматыда қала әкімдігінің ұйытқы болуымен «Kazakhstan Urban Conference 2019» Халықаралық конференциясы өтіп жатыр.
Аталмыш жиында сөз алған шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев «Алматы 2050» стратегиясына қатысты тұрғындардың ұсыныстарын айтып, Алматыдағы ірілі-ұсақты Жоғарғы оқу орындарын қала аумағынан тысқары жерлерге көшірудің маңыздылығына тоқталды.
Әкімнің айтуынша, қала тұрғыны Әлішер Сағидоллаев ірі ЖОО ғимараттарын қала сыртына шығаруға ұсыныс білдірген.
Шаһар басшысы бұл ұсыныс мұқият талқылауды қажет ететіндігін, егер ЖОО-лар қала сыртында өз университеттік кампустарын салса, жақсы болатынын атап өтті.
«Кейбір университеттер қала сыртында өз қалашығын құрап, кампус жасаса болады. Алатау инновациялық технологиялар паркі маңына орналасу туралы біраз университет басшылығы ұсыныс білдірген де болатын. Алайда, бұл сұрақ мұқият талқылауды қажет етеді. Себебі, ол жақта орналасу үшін алдымен, ыңғайлы көлік инфрақұрылымын шешіп алу керек.
Мүмкін, метроны тарту керек, әлде қаламен байланысты жақсартуға мүмкіндік беретін басқа да жолдарды іздеу қажет», - деді әкім.