$ 494.87  520.65  4.91

Жұрттың «аяқтарын сындырып, жақтарын айырмақ» ниеттегі Талғат Рысқұлбеков сынға ұшырады (ВИДЕО)

«Құқықтық мемлекетте қоғамға дәл осылай қатер төндіріп, ашық қоқан-лоққы көрсетушіні баспасөз мәслихаты үстінде қамауға алып, қоғамнан изоляция жасауды бастап кетер еді».

Алматыдағы Қазақстан пресс-клубында бір топ желтоқсаншылар жиын өткізіп, 16-17 желтоқсан күндері қазақстандықтарды алаңға шықпауға шақырып, үндеу тастады. Тіпті, «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековтің інісі, «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Рысқұлбеков аталған күндері алаңға шыққандарды аямайтынын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жиында «Желтоқсан ақиқаты» бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев, «Желтоқсан жұлдыздары» бірлестігінің директоры Гүлмира Мұстафина, «Желтоқсан-86-Тәуелсіздік қырандары» ұйымының жетекшісі Гүлбахрам Жүніс сөз сөйледі. Олар аталған даталарда митингке шығуды жоспарлап отырғандарға мерекені тойлап, желтоқсан оқиғасы құрбандарының аруағына тағзым етуге келгендердің шырқын бұзбауға, берекесін алмауға шақырды.

Ал Талғат Рысқұлбеков осы тұрғыда қатты кетіп, ондай жағдайда ереуілшілердің денсаулығына зиянын тигізетінін де айтып салды.

«Тәуелсіздік мерекесі мен желтоқсан оқиғасы құрбандарын еске алу күнінде талаптарын айтып, алаңға шыққысы келіп отырғандарға басқа кез келген күнді таңдаңдар дегім келеді. Мейлі, ол 8 наурыз – қатындар мерекесі бола ма, әулие валентин күні бола ма... Тек 16, 17 желтоқсан емес. Ал мына күн – желтоқсанда зардап шеккендер мен олардың отбасыларының жеке күні десе болады. 16-сы күні гүл шоқтарын қойып, 17-сі күні құран оқып, ас берілетін.

Біреулер талабын қойып, шықпақшы дегенді ұзынқұлақтан естіп жатырмын. Ескертемін, тәуелсіздік күніне титтей де болсын зияны тиетіндей сөз айтылатын болса, аяқтарын сындырамыз. Кекілдерін қайырып, жақтарын айыруға дейін барамыз», – деді ол.

Әрине, желтоқсаншылар атынан тепсіне сөйлеген Рысқұлбековтің бұл әрекеті біраз азаматқа жақпай қалды. Әлеуметтік желілерді ашып қалсаң, алдыңнан шыр-пыр етіп соған қатысты жазбалар шыға келеді. Реніштері сұмдық. Соның ішінен салмақты деген біреуін алсақ, белгілі журналист Тоқтар Жақаш былай дейді:

«Талғат Рысқұлбековтің сөзіне қазір күліп отырмыз. Ол тіпті күлетін нәрсе емес! Бұл – біздің қоғамды қорлаудың бір түрі ғана. Арғы шетте сол сөзді айтқызып отырғанның біразы қопаңдап қалғаны анық. Құқықтық мемлекетте қоғамға дәл осылай қатер төндіріп, ашық қоқан-лоққы көрсетушіні баспасөз мәслихаты үстінде қамауға алып, қоғамнан изоляция жасауды бастап кетер еді.

Алдымен психиатриялық тексеруден өткізеді. Ақыл-есінде кемістік болып, қоғамға қауіп төндіретіндей агрессиясы болса, мәжбүрлі түрде емдейді. Ал денсаулығынан кінарат таппаса, ауызша төндірген қауіп-қатеріне сараптама жасайды. Соның қорытындысы бойынша сот шешім шығарар еді. Ал біздің тәртіп сақшыларымыз да, шенеуніктеріміз де үнсіз. Құдайдан сұрап таба алмай жүрген титушкасының тап алдынан топ ете түскеніне мәз сияқты!

Талғат Рысқұлбековтың бұл мәлімдемесі елеусіз қалмауы керек! Сот алдында жауап берсін! Қоғамның әрбір мүшесі, заңгерлер мен құқық қорғаушылар, журналистер бірігіп, сазайын тартқызу керек! Бүкіл елге дікеңдейтін ол кімнің шікірасы еді?!».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары