Талғар ауданының Талдыбұлақ ауданында жеке балабақшада бүлдіршіндер ерекше қойылым қойды. Қойылымның видеосы желіге тараған соң тиісті қызметкерлер жауапқа тартылатын болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, БАҚ материалдарына сүйене отырып.
Желіде тараған видеодан бүлдіршіндердің Тәуелсіздік күніне орай қойылым қойғанын байқауға болады. Қолына ойыншық қару асынған балалар «Колбин, кет!» деп айқайлайды. Бұған Алматы облысының білім басқармасы жауап берді.
«Көрсетілген іс-әрекет 2019 жылғы 12 желтоқсанда Талғар ауданының Талдыбұлақ ауылындағы «Бал бұтақ» ЖШС-не қарасты «Бал бұтақ» жекеменшік балабақшасының «Сұнқар» ересектер тобында орын алған.
Аталған жекеменшік балабақша - 80 орындық. 2018 жылғы 27 қарашадан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысы орындалады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасында бейнеде көрсетілен бағыттағы іс-шаралар қарастырылмаған және де ондай шараларды жүргізуге жол берілмейді.
Бұл – жекеменшік балабақшаның өзіндік әуесқойлық қойылымы. Қазіргі таңда балабақша құрылтайшысы мен әдіскері Талғар аудандық білім бөліміне түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін шақырылды.
Сондай-ақ, өз тарапымнан осындай іс-әрекетке жол берілмеуі керектігі туралы және осындай іс-әрекеттерге жол берген адамдарға ең қатаң жазалау шаралары қолданылатынын мәлімдеймін», – деді басқарма жетекшісі Дәурен Жүнісов.
«Желіде балабақшалардың бірінде видео таралып жатыр. Оқиғаның біздің облыстағы жекеменшік балабақшалардың бірінде болғанын білдік. Үлгілік оқу жоспарына сәйкес, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту қарастырылмаған және қабылданбайды. Қазір мектепке дейінгі білім беру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін балабақша құрылтайшысы және әдіскері аудандық білім бөліміне шақырылған», – деді баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымұрат Жүкел.