"Мектеп мұғалімінен дәретхананы күзетуді" талап етіп, ырқына көнбегені үшін полиция бөлімшесіне күштеп алып кеткен Түркістан қалалық полиция басқармасының басшысы Данияр Мейірхан тергеу жүргізу кезінде қызметінен уақытша босатылды, деп жазады Азаттық.
Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзованың мәлімдеуінше, 13 желтоқсан күні Түркістан қаласындағы 15-мектептің мұғалімі Бахыт Кеукеновті полиция бөлімшесіне жеткізу жайты бойынша ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаевтың тапсырмасымен полиция департаменті қызметтік тергеу бастаған.
"Тергеуде қалалық полиция басқармасының басшысы Данияр Мейірхан қызметін асыра пайдаланғаны тексеріледі. Ол тергеу біткенше қызметінен босатылды. Ал мұғалімді ұстау кезінде Данияр Мейірханмен бірге болған полицейлердің мінез-құлқына баға беріліп, мұғалімге қатысты іс-әрекеттерінің заңдылығы да анықталады" деді баспасөз хатшысы.
Дене шынықтыру пәні мұғалімінің Каукеновтің әйелі Светлана Кеукенованың Азаттыққа айтуынша, 13 желтоқсан күні Бахыт Кеукенов мектеп аумағын күзетуге кезекшілікте тұрған. Қоңырау соғылған соң жауыннан су болған киімін алмастыру үшін мектепке кірген.
Каукенованың сөзінше, сол уақытта полиция күйеуін неге мектептің сыртындағы дәретхананың жанында кезекшілікте тұрмайсың деп сөккен. Сөзге келіп қалған Бахыт Кеукенов пен полицейлердің арасына ата-аналар мен мұғалімдер түскен. Кейбірі оқиғаны видеоға түсірген.
- Қан қысымы 180-ге көтеріліп, түспей қойған соң жедел жәрдеммен ауруханаға алып бардық. Қазір емделіп жатыр. Сөйлесуге мұршасы жоқ, - деді мұғалім Каукеновтің әйелі.
Оқиғаға қатысты Бахыт Кеукеновтен комментарий алу мүмкін болмады.
13 желтоқсанда әлеуметтік желіде бірнеше полицейдің бір ер адамның қолын қайырып, полиция көлігіне салып жатқан видеосы тараған. Желі қолданушылар бұл видеоның Түркістандағы мектептердің бірінің маңында түсірілгенін, видеодағы адам Данияр Мейірхан мен мұғалім Бахыт Каукенов екенін жазған.
14 желтоқсан күні түстен кейін Данияр Мейірхан өзінің Бахыт Кеукеновпен сөйлескен видеосын Instagram желісіне жариялады. Онда мұғалім сабаққа кіруге қоңырау соғылған соң жауыннан су болған киімін алмастыруға мектептің ішіне кіргені туралы айтады және полицияны балағаттағанын мойындайды.
Бұдан бөлек, Данияр Мейірхан мен Түркістан қаласының әкімі оқиға болған күні кешкісін мұғалімнің үйіне барып, одан кешірім сұрағаны да хабарланды.
Сонымен бірге, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында Бахыт Кеукеновті қорғап, "мұндай оқиғаларға мүлдем жол берілмеуі тиіс" деп мәлімдеді. Министр "оқиғаға қатысты бар адамдарды жауапкершілікке тартуды талап ететінін", "мектеп әкімшілігі мен білім бөлімі де жауаптан құтылмайтынын" айтты. Аймағамбетов істі өз бақылауына алғанын да хабарлады.