Қытай мемлекеттік телеарнасы CCTV 15 желтоқсанда өтетін "Арсенал" мен “Манчестер Сити” ойынын тікелей эфирден алып тастады. Қытай басылымдарының жазуынша, бұл шешімге "Арсенал" ойыншысы ұлты түрік, германиялық футболшы Месут Өзілдің әлеуметтік желідегі посты себеп болған, деп жазады Азаттық.
Өзіл желідегі постында Қытайдың Шыңжаңдағы ұйғырлар мен мұсылмандарға қысымын айыптаған. Футболшы Шыңжаңдағы ұйғырларды "қуғын-сүргінге қарсы тұрып жатқан батырлар" деп атап, Қытайды және "аузын ашпай отырған мұсылмандарды" сынаған.
Қытайдың ағылшын тілді The Global Times басылымы Өзілдің пікірін "қате" деп атап, "футбол билігінің көңілін қалдырды" деп жазды.
"Арсенал" футбол клубы Өзілдің пікірін "жеке адамның ойы" деп, "команда қашанда саясатқа араласпайтынын" мәлімдеді.
Қытай футбол қауымдастығы Өзілдің постын "Қытай жанкүйерлерінің көңіліне тиді" деді.
Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Пекин басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп сипаттаған. Былтыр БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген.
24 қарашада Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) "Қытай билігіне тиесілі" құпия құжатты жариялады. "Телеграмма" деп аталатын құжатта Пекиннің Шыңжаңдағы лагерьлерге қамалатын адамдарды анықтау жолы, саяси тәрбиелеу орталықтарының қалай басқарылатыны жазылған.
"Құпия" белгісі соғылған құжатта "Лагерьдегілер қашып кетпеуі тиіс. Сондықтан олардың әр қадамын тәулік бойы видеокамерамен бақылау керек. Оларды жататын жерде, сабақ өтетін сыныпта, тіпті түскі ас кезінде де бақылауда ұстау қажет. Қытай тілін меңгеру – басты талап" деп жазылған.
16 қарашада америкалық New York Times басылымы Қытай билігіне тиесілі құжаттарды жариялаған. Онда мұсылмандар тұратын аудандарды ұдайы тексеру қажеттігі айтылады. Құжаттар арасында отбасы мен туыстары лагерьлерге қамалған, өздері шетелде және ішкі Қытайда оқитын студенттерге шенеуніктердің не деп жауап беру керегі де көрсетілген.
Қытай билігі бұл екі құжатты да "фейк" деп атады.