16.12.2019, 09:33

Бүгін - тәуелсіз ел атанғанымызға 28 жыл!

Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып Америка Құрама Штаттары мойындаған еді.

Бүгін Қазақстан Республикасының тәуелсіз ел атанғанына 28 жыл, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев 17 желтоқсанда Алматыдағы Орталық алаңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жариялануына орай өткізілген жиында. 

Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып Америка Құрама Штаттары мойындаған еді. Одан кейін Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде мойындап, таныды. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілігін ашты. 

Тәуелсіздік күні – 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» және 2001 жылғы 13 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы заңдарына (2008 жылғы 25 маусымдағы және 2009 жылғы 22 сәуірдегі заңдармен өзгертулер енгізілген) сәйкес аталып өтеді. 

Әйтсе де, бұл күнді қатардағы мерекелік дата ретінде қарауға келмес. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев: «Меніңше, Тәуелсіздік күні тек ресми бекітілген мерекелік дата ғана болуға тиісті емес. Бұл күннің одан анағұрлым маңызы үлкен мазмұны бар. Ол тәуелсіздік жолындағы күрестің нүктесін қоюмен бірге, оның басталған күні де болды. Бүгін әр қазақстандық оны өзінің жеке тәуелсіздігі мен табысты күні есебінде мерекелей алады» деген болатын. 

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң халық ынтымақтасып, жалпыұлттық, ұлтаралық бірлікті нығайтуға, рухани—мәдени жаңғыруға қол жеткізілді. Қысқа мерзімде Тәуелсіз Республикамыз Совет империясынан мұра болып қалған көптеген өткір де өзекті мәселелердің шешімін тауып, саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларға да реформалар жүргізілді. Бүгін де Қазақстан экономикасы дамыған, бірнеше халықаралық ұйымдардың мүшесі, әлемдік сахнада өзіндік ықпалы бар мемлекетке айналып отыр. 

Мерейлі ел болғанымызды Ақордада бірқатар азаматқа мемлекеттік наградаларды тапсыру барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өткен болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл – тарихи үдерістеріміздің бастауы, ұлы мейрам. 

«Бүкіл еліміз үшін мұнан асқан айтулы күн, маңызды мереке жоқ. Тәуелсіздік ұлтымыздың баға жетпес байлығы. Біздің буын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында халқымыздың асқақ арманын ақиқатқа айналдырды. Байрақты бабалармыз бізге ұлан-байтақ жерді мұра етіп қалдырды. Олардың аманатына адал болу – баршамыздың киелі парызымыз. Азаттық үшін алысып, ел үшін жан пида еткен батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды», - деді Мемлекет басшысы.