17.12.2019, 21:50

Қырғызстан Арал проблемасына қарағанда су мәселесін шешкісі келеді

Eкі елдің жұмыс топтарының алғашқы отырысы 19 желтоқсанда өтеді деген шешім қабылданды.

Қырғызстан еліміз ұсынған Халықаралық Аралды құтқару қорының жұмысын қайта жандандыру ұсынысын қарастырмақ ниетте. Алайда алдымен тараптар трансшекаралық су ресурстарына қатысты бірнеше мәселесін шешіп алуы керек. Еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қырғыз жеріне жасаған іссапарында су-энергетика саласындағы бірқатар жайттарды талқыға салды, деп хабарлайды «Хабар24» телеарнасы. 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтың Бішкектегі кездесуі барысында су ресурстарына қатысты қозғаған мәселелері жалғасын тапты. Министр Мағзұм  Мырзағалиевтің қырғыз жеріне жасаған сапары осы саладағы түйткілді тарқатуға бағытталды.  

Мағзұм  Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: 

- Тараптар арасындағы диалогты қайта жандандыру керек деген тоқтамға келдік. Яғни бұдан былай үнемі байланыста болуымыз керек. Өкінішке қарай бұл мәселеге соңғы рет жаз айларында ғана көңіл бөлінді. Ал вегетациялық кезеңге алдын ала дайындалуымыз керек.  

Келіссөздер барысында еліміздің экология министрлігінің басшысы елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Орталық Азия су энергетика консорциумын құру туралы идеясын тағы  қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ Мағзұм Мырзағалиев Халықаралық Аралды құтқару қорының жұмысын қайта жандандыру жайын да сөз етті. Тіпті Шу-Талас бассейніне қатысты мәселе де назардан тыс қалмады.  

Мағзұм  Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: 

- Шу өзені арқылы судың жеткілікті мөлшерде келмеуі басты проблемалардың бір болып табылады.  Сондықтан біз қырғыз тарапына онлайн режимінде гидрологиялық мониторинг жүргізуді ұсынып отырмыз. Ал Нарын-Сырдария бассейніне келетін болсақ, биыл Түркістан облысының қажеттілігі үшін 300 млн текше метр су алынды. Ал келесі жылы 550 млн текше метр су сұрап отырмыз.  

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайту үшін сонымен қатар су-энергетика ресурстарын кешенді пайдалану жөнінде ұтымды идеялар айтылды. Ал екі елдің жұмыс топтарының алғашқы отырысы 19 желтоқсанда өтеді деген шешім қабылданды.