Алматы облысы мектептерінің бірінде жоғары сыныптың оқушы қыздарын азғындады деген күдікпен оқу ордасының мұғалімі ұсталды. Бұл жайында облыстық ІІД өкілдері хабарлады деп жазады Tengrinews.kz.
Ювеналды полиция бөліміне республикалық дағдарыс орталықтарының бірі шағым түсірген. Осы арыздың негізінде Ұйғыр ауданындағы мектеп мұғалімінің үстінен қылмыстық іс қозғалып отыр.
"Балаларға арналған республикалық дағдарыс орталығының сенім телефонына белгісіз біреу хабарласып, мектептегі ер мұғалімнің жоғары сынып оқушыларын азғындайтынын айтқан. Ол сөзіне дәлел болу үшін ұялы телефонның камерасына түсірілген бейнежазба мен 4 оқушы қыздың мәлімдемесін тапсырыпты" делінген облыстық ІІД таратқан хабарламада. Қазіргі таңда Ұйғыр аудандық ІІБ өкілдері педагогты тергеп жатыр.