$ 494.87  520.65  4.91

Енді Павлодар облысында жылқышылар малдарын спутниктік желі арқылы бақылайды

Павлодар облысында мал шаруашылығын цифрлық жүйеге көшіретін пилоттық жоба жүзеге асып жатыр.
Фото: Argymaq.kz
Фото: Argymaq.kz

Жаңашылдықты алғашқылардың бірі болып Май ауданының жылқы фермасы енгізді. Қалмақ қырған тауының бөктеріндегі Аршалы қыстағы ғаламтор желісіне қосылмаған, деп хабарлайды «Хабар24».

Жылқышылар қарамағындағы малды спутниктік желі арқылы бақылайды. 

«Жылқышының төзімділігі жылқының тұяғынан да қатты болу керек» деген қағида бар. Бұл аяқты малды бағудың бейнетіне қарай айтылса керек. Боранды күндерде ығып кетпес үшін жылқы соңында табыншылар тәулік бойы жүреді. Ит-құс, ұры-қарыдан да күзетуге тура келеді. Ал жаңа технологиялар осы қиындықтарды жеңіп отыр.  

Қарлығаш Қасиетова, тілші: 

- Цифрлық технологиялардың арқасында малды үйде отырып бағатындай мүмкіндік туды. Әр үйірден бір жылқының мойнына GPS-трекер тағылған. Осының арқасында малдың қай жерде жайылып жүргенін анықтауға болады. 

Жанат Ақтаевтың әулетінде жылқышылық – атадан балаға мирас болған кәсіп. Аршалы қыстағын мекен еткендеріне 40 жылдай болған. Бұл жердің тау мен тасын бес саусақтай біледі. Соған қарамастан, мал жоғалғанда қиналып қалады екен.  

Жанат Ақтаев, жылқышы: 

- Бір үйірде шамамен 30 бастай бар. Біреулері ақсайды, кейбіреуі жатып қалады, ауырып қалады, бөлініп қалады. Соларды жеңіл тауып алады. Мына трекері өте жақсы. 

Жаңа жүйе жайылымдағы малды көзден таса қылмай қадағалауға септігін тигізеді. Қолайсыз ауа райы оған кедергі келтірмейді. Жанат Ақтаев, жылқышы: 

- Бұл әр жарты сағат сайын өзінің қай жерде жүргенін базасына беріп отырады. Телефоннан база арқылы үйден көріп отырасыз, қай жылқының қай жерде жүргені көрініп тұрады, түнде болсын, күндіз болсын. 

Бұл жерде цифрлық технология арқылы шектеулі ғаламтор байланысы пайда болды. Белгіні жерсеріктік тарелкалар ғарыштан алып, 30 шақырымдық шеңбердегі бекетке беріп отырады және сол аумақ толық интернет желісімен қамтылады. 

Рафаэль Хисамутдинов, менеджер: 

- Жаңа жоба шеңберінде біз тапсырыс берушінің ұсынысын негізге аламыз. Жаңашылдықты клиенттердің өздері ұсынады. Біз оның ыңғайына қарай өзі көргісі келетін өнімді жетілдіреміз. 

Келешекте малды тіркеуге алатын жаңа құжат жасау көзделіп отыр. Әр басқа жеке чип тағылады. Ақылды жүйе цифрлық ферма құру үшін таптырмас құрал болмақ. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары