Елордадағы Қабанбай батыр даңғылы 8 жолақты болады. Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов осылай деді. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлайды.
«Соңғы 10 жыл ішінде автомобиль саны 2 еседен аса ұлғайды. 200 мың болған еді, қазір шамамен 500 мыңды құрайды. Биыл 50 шақырымнан астам жолды, яғни 69 көшені жөндедік.
Қабанбай батыр даңғылындағы жүктемеге қатысты мәселе бар. Күн сайын таңертеңгі және кешкі қарбалас шақта осынау магистральді жолда өте үлкен жүктеме байқалады. Біз оны 8 жолаққа дейін ұлғайтамыз. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамасы жедел жасалып жатыр.
Қабанбай батыр даңғылында және Тұран даңғылығында көше қиылыстарында жол айрықтарын саламыз. Олар таға түрінде болады. Келесі жылы бастаймыз», – деді әкім.