Жұмысшыларына жалақы бермей жылататын жұмыс берушілердің енді есепшоттары бұғатталмақ. Айлығын бермеген күннен бастап 0,25 пайыз мөлшерінде айыппұл да салынады. Еңбек кодексіндегі бұл түзетулер жаңа жылдан бастап күшіне енуі мүмкін, деп жазады КТК телеарнасы.
Аталмыш шара елімізде жалақы төлемей, жұмысшыларды сенделтіп қойған бірнеше жағдайдан кейін қолға алынып отыр. Биылдың өзінде еңбек инспекторлары прокурорлармен бірлесіп, жұмыс берушілерден 5 миллиард теңгеден астам қарызды өндіріп алған. Алайда еңбекақы мәселесі толықтай шешімін тапқан жоқ. Жалақысын ала алмай зар илеп жүргендердің қатары қазір 5 мыңнан асады. Ал жалпы берешек бір жарым миллиард теңгенің үстінде.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Бүгінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгертулер енгізіліп жатыр. Бұл кодекс жеке заң ретінде Парламенттің қарауында. Онда мемлекеттік еңбек инспекторының ұйғарымы сот орындаушысының құжатымен теңестіріледі. Бұл бізге жалақы бойынша берешекті басқа жолмен, мәселен, шотты бұғаттау, мүлікті тәркілеу арқылы алуға мүмкіндік береді.