Маңғыстау облысында картон ораптың ішінен өлі нәресте табылды, - деп хабарлайды Tumba.kz.
Басылымның мәліметінше, Бейнеу ауданындағы Сарға ауылының тұрғыны 17 қаңтарда аудандық ІІБ-ге хабарласып, сағат 17.00 шамасында республикалық Ақтау - Атырау тас жолынан, Сарға ауылынан 900 метр жерде картон қорап тапқанын айтады. Қораптың ішінде өлі нәресте болыпты. "Полицейлер мәйітті мәйітханаха жеткізді. Ол жерде нәрестенің қыз бала екені анықталды", - делінген басылымда.
Айта кетейік, полицейлер нәрестенің анасының аты-жөнін анықтап үлгерді. Ол 1978 жылғы әйел болып шықты. Ол полицейлерге баласының өлі күйінде туылғанын айтқан. Қазір полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін мұндай жағдай Жамбыл облысында болған еді. Сәбидің жансыз денесі 13 қаңтарда Бостандық-Ақкөл тасжолының жиегінде табылған.