«Дикий» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев әлеуметтік желіге бейнежазба жүктеді. Видеода елге танымал айтыскер ақын Балғынбек Имашев «Дикийге» арнап ода айтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, NEGE сайтына сілтеме жасап.
Арманды көріп, сұхбаттас болғандар: «Ол өзін қылмыскер емес, батыр деп атайды» деседі. Соңғы кезде «Дикий Арман» – Арман Жұмагелдиевтің қандай да бастамасы қоғамға тез тарап, қолдау тауып жүр. Өз атына өзі ғана емес, өзгелер де «батыр» атағын қосып айтатынды шығарды. Арманның не айтқаны мен не істегені елді кәдімгідей қызықтыра бастаған.
Арман Жұмагелдиев әлеуметтік желіде өте белсенді. Күні кеше бірнеше видео жүктеді. Видеоның бірінде елге танымал айтыс ақыны Балғынбек Имашев:
«Адамзаттың ақылы талғамда тұр, 18-қабаттан биік шығып, абадандар мінекей заңғарда тұр. Осындай азаматтар құрметіне Балғынбек жырдан шашу арнап жатыр. Бодан болып, арманы өлген қазағымның Арманын тірілтті ғой Арман Батыр», – деп жырлаған.
Видеодан байқасаңыздар, аталған жиында кіл жігіттер бас қосқан. Сондықтан да болар, ақын Есенқұл Жақыпбеков пен композитор Жәкен Омаровтың қазақ даласында кеңінен танымал «Біздің елдің жігіттері» әні шырқалған.
Жиылғандар ән мен әншіні ұйып тыңдап, бейнежазбаға түсіруде. Артқы фондағы «Дикий Арманның» отырысы мен қозғалысы ерекше.