24.12.2019, 20:40

Бір аптада 104 жол апаты болып, 39 адам көз жұмды

Фото: pixellife.ru
Өткен аптада күн-райының күрт өзгеруіне байланысты 11 облыста тас жолдар жабылған.

Өткен аптада елде 104 жол апаты болып, 39 адам көз жұмды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді,-деп хабарлайды Астана арнасы. 

Өткен аптада күн-райының күрт өзгеруіне байланысты 11 облыста тас жолдар жабылған.

Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ: Тұрғындарға бұқаралық ақпарат құралдары және SMS арқылы жолға шықпау туралы хабарлама таратылды. Бірақ осы ескертулерге қарамастан, көптеген жүргізушілер жолға шықты. Салдарынан 39 адам көз жұмып, 158-і түрлі жарақат алды.

Министрлік ақпаратына сәйкес, азаматтар ақауы бар және жазғы резиналар салынған көліктермен жолға шыққан. Полиция қызметкерлері құтқару мүмкін болғандарын арнайы жылыну орталықтарына жеткізіпті.

Мақсат БАЙБОЛОВ, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 900-ге жуық азамат қар құрасуынан шығарылды. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Алдағы аптада елдің 8 өңірінде ауа-райы күрт өзгеруі мүмкін. Сондықтан, барлық көлік жүргізушілерін алыс жолға шықпауға шақырамыз.