Шымкентте алдағы үш жылда жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы 10 мектеп салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жаңа білім ордаларының құрылысына инвесторлар атсалысады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде аймақтың әллеуметтік-экономикалық дамуы жайында есеп берген қала әкімі Ерлан Айтаханов хабарлады. Оның айтуынша, шаһардағы демографиялық өсімге байланысты білім ордаларының санын арттыру қажеттілігі туындап отыр. Бұған қоса, жаңа нысандар үш ауысымды мектеп мәселесін шешуге сеп болады.
Айта кетейік, бүгінде Шымкентте 15 мектеп үш ауысымда жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, қала әкімі биыл 350 орындық жатақхана құрылысы аяқталып, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне пайдалануға берілгенін айтты. Ал келер жылы «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2500 орындық жатақхана салу жоспарлануда.
Ерлан Айтаханов, Шымкент қаласының әкімі:
– Демографиядық жағдайды мына санмен көрсетуге болады: биыл мектепті 8 мың бала бітіріп, 1 сыныпқа 23 мың бала қабылданды. Бюджет есебінен биыл 5 700 орынға арналған 9 мектеп құрылысы жүргізіліп, 5 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде, үш ауысымды 4 мектептің мәселесі шешілді. Алдағы үш жылда жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы 10 мектеп құрылысы жеке инвесторлармен бірлесе жүргізілетін болады.