Талай ломбардты сан соқтырған 2 алаяқ әйелдің ісі Талдықорған сотында қаралып жатыр , деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл істі облыстық полиция департаментінің тергеушілері тергеп, оны жақында Талдықорған қалалық сотына жіберген. Сотта Талдықорғанның екі тұрғынының алаяқтық ісі қаралды, зардап шегушілер – қаладағы бес ломбардтың иелері.
"1982 жылғы екі айыпкер де Талдықорған қаласының тұрғындары, олар 40-тан астам алаяқтық іске қатысы бар деп айыпталады. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 7 миллион теңгеден асты. Бұл істің барлығы ломбардтармен тығыз байланысты, қулыққа барған келіншектер ломбардқа алтын деп күміс зергерлік бұйымдарды өткізген", - деп мәлімдеді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Екі жылдан бері кәсіпкер әйелдер Алматыда жасанды әрі арзан зергерлік бұйымдарды сатып алған. Негізінен, алқаларды. Олар алқаның бекітілетін жеріне алтын екенін нақтылайтын белгісі бар шын алтын ілгекті қадаған. Бірақ алқаның өзі алтын болмаған. Оны ломбардқа басқа алтын бұйымдармен білдірмей, араластырып өткізіп отырған.
"Ломбардтағы мамандар алқаның өзін тексермеген. Ілгектегі белгі мен ілгектің өзінің алтын болуы онша күдік туғызбаған. Мұның барлығы тек ломбардтың иесі ұйымдастырған жан-жақты тексеруден кейін анықталған, - деді Алматы облысы ПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары Болат Идиалов.