ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Алматыдағы ұшақ апатының алғашқы мәліметтерін хабарлады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бүгін, 27 желтоқсанда сағат 07:22-де "Bek Air" әуе компаниясының №Z2100 рейсі Алматы-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша ұшу кезінде биіктікті ала алмай, бетон қоршауды бұзып өтті.
«Ұшақ екі қабатты ғимаратпен соқтығысты. Құтқару жұмыстары сол мезетте басталды. Бірақ, өрт шықпады. Ұшақ жолаушылары мен экипажын эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде», - деп мәлімдеді ИжИДМ.
Қазіргі уақытта қаза тапқан 7 адам анықталған.
«Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша Премьер-министрдің орынбасары басқаратын үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия құрамына Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі және басқа мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді. Комиссия оқиға орнына ұшып кетті», - деп толықтырды министрліктің баспасөз қызметі.
Оқиғаның неден болғаны анықталып жатыр. Оның мән-жайы белгілі болғанға дейін "Bek Air" ұшағы барлық бағытқа уақытша тоқтайды.