$ 524.65  552.19  5.14

Түркістан облысында сұмдық жол апаты болды: зардап шеккендер бар

Соққының күшті болғаны сондай, шағын автобус бірнеше мәрте аунап кетті.

Түркістан облысында жан түршігерлік жол апаты болды. Шымкенттен Түркістанға жол тартқан жолаушыға лық толы шағын автобус трактордың артынан қатты соққан. Соның салдарынан екі адам көз жұмса, тағы алтауы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Әсіресе, 25 жастағы келіншектің хәлі мүшкіл, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК арнасына сілтеме жасап.

Жол апаты таңғы алты жарым шамасында Шымкент-Самара тас жолында болды. Жолаушыға лық толы «Хюндай Старекс» шағын автобусы Шымкенттен Түркістанға бет алған. Жүргізушінің көзі ілініп кетті ме, жоқ әлде жылдамдықты асырып байқамай қалды ма, алдында кетіп бара жатқан тракторды соққан. Соққының күшті болғаны сондай, шағын автобус бірнеше мәрте аунап кетті. 

Жол ортасында шағын автобус жарамсыз болып қалған. Салондағы екі адамның өмірі бірден қиылды. Алтауы жедел жәрдем көлігімен Ордабасы аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Алты баласы бар Қайрат Қонысов жарты жыл бойы Ресейде қара жұмыс істеп, отбасына асығып келе жатқан беті екен. Басынан қатты соққы алған 38 жастағы азамат енді бірнеше күн ауруханада жатады. 

"100-бен ғана келе жатқан сияқты едік. Барлығы дерлік ұйықтап жатқан. Қасымдағы адамды білмеймін, менің басым қатты ауырып тұр. Мен алдында отырдым. 

Ауруханаға жеткізілген алтаудың біреуі үйіне жіберілді. Төртеуі хирургия бөлімінде ем алып жатыр. Көбінің миы шайқалып, аяқ-қолы мен қабырғасынан жарақат алған. Бәрі күнгейдің тұрғындары. Арасында балалар жоқ. Десе де, 25 жастағы келіншектің хәлі ауыр. 

"Азаматшаның жағдайы өте ауыр. Басынан қатты соққы алған. Әлі есіне келген жоқ. Ол кісіге санавиция желісі арқылы қаладан облыстық ауруханадан нейрохирург дәрігері және реаниматолог дәрігері келіп, қарап, кеңес беріп кетті. Қазір жедел ота жасау қажеттігі жоқ", - деп мәлімдеді Ордабасы аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Жансерік Орынбаев. 

Жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Ешқандай зақым алмаған шағын автобус жүргізушісі қамауға алынып, тергеліп жатыр. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары