"Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымы интернеттегі ресми аккаунтары мен БАҚ арқылы ұйымның №1 баскесері - Джихади Джон деген атпен танымал болған Мұхаммед Эмвазидің қаза тапқанын мәлімдеді. Бұл туралы BBC News хабарлады.
Шетел азаматтарын бейне камера алдында бауыздап өлтірумен аты шыққан баскесер өткен жылдың қараша айында америкалық ұшқышсыз басқарылатын ұшақтың шабуылынан кейін өлген. Пентагонның баспасөз хатшысы Питер Куктың сөзінше, М.Эмвази Ракка қаласында өлтірілді. Әскерилер оны спутниктің көмегімен аңдып, үйінен шыға берген кезде шабуылдаған.
Кувейтте туып, Ұлыбританияда өмір сүрген баскесер 2012 жылы содырлар қатарына қосылған. Ол сондай-ақ шетелдіктерден бөлек бір өзі 21 сириялық сарбазды өлтірген.