Атырауда бір топ азамат Макс Боқаевты босатуды талап етті. Бұл туралы Жеңіс Құспан атты facebook қолданушысы өзінің парақшасында жазып, талап қойған бір топ адамның видеосын жариялады.
"Біздер, атыраулықтар, Макс Боқаевтың денсаулығына алаңдаулымыз. Макс Бокаев өзінің жерін қорғаймын деп, жерім шетелдіктерге сатылмасын дегені үшін бес жылға сотталып, қазір Ақтөбе колониясында отыр. Бізге жеткен ақпарат бойынша Макс Боқаев денсаулығы нашарлап, аяғын баса алмай қалыпты. Біз Макс Бокаевқа сапалы емдеу талап етеміз. Қалаға шығарып, емдеуді талап етеміз. Сонымен қатар Макс Боқаевқа бостандық талап етеміз" дейді видео авторлары.
Макс Боқаев 2016 жылы 24 сәуірде "жер мәселесі" бойынша шеруге шыққаннан кейін "бұқаралық шарада жалған ақпарат тарату", "әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру" және "жиналыс, митинг, пикет, шеру, демонстрация өткізудің тәртібін бұзу" баптары бойынша бес жылға сотталған.
Дереккөз: Qamshy.kz