27 желтоқсанда Қапшағай қалалық соты Алматы облысы Заречный кентіндегі түрмеде жазасын өтеп жатқан Әсет Әбішевтің өтінішін қанағаттандырмады. Оның себебін Әбішев тәртібінің түзелгені-түзелмегені белгісіз деп түсіндірді. Судья Олжас Күреңбековтің айтуынша, сотталушы қаулының көшірмесін алғаннан кейін 10 тәуліктің ішінде оған шағым түсіре алады.
Сот отырысына Әбішев түрмеден видеобайланыс арқылы қатысты. Ол қалған түрме жазасын бас бостандығын шектеу жазасына ауыстыруды сұраған. Адвокат Гүлнара Жуаспаева да соттан қорғауындағы азаматтың шағымын қанағаттандыруды сұрады.
Түрме өкілі өтінішті қанағаттандыруға қарсылық білдірді. Ол сотталушының тәртіп деңгейі анықталған жоқ деді. Прокурор Дидар Қуанышбек те осыған ұқсас көзқараста болды.
42 жастағы Алматы тұрғыны Әсет Әбішев Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына (қозғалыстың жетекшісі шетелде тұратын бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязов) қатысы бар деп айыпталып, төрт жылға сотталған белсенді.
Әбішев 2018 жылы 5 шілдеде ұсталып, содан бері қамауда отыр. Оған қатысты сот шешімі 2018 жылы 30 қарашада шыққан. 2019 жылы 13 ақпанда апелляциялық сот қаулыны өзгеріссіз қалдырған.
Адвокат Гүлнара Жуаспаеваның айтуынша, Әсет Әбішевке түрмеде өзге сотталғандардың құқығын қорғауға ара түскені үшін мекеме әкімшілігі қатаң қарайды. Жуаспаева биыл мамыр айында "жоспарлы тінту шарасы" кезінде Әбішевтің таяқ жегінін мәлімдеген. "Осы жайттар үшін түрме әкімшілігі кек сақтап отыр" дейді адвокат. Ол қаулыға апелляциялық шағым түсірілетінін айтты.
Құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі былтыр Әсет Әбішевті Қазақстанның саяси тұтқындары тізіміне қосқан. Сотқа қатысқан "Ар.Рух.Хақ" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина бұл шешімнің дұрыс болғанына тағы да көз жеткізгенін айтады.
Дереккөз: Азаттық