$ 487.37  532.94  5.09

Бұдан былай зорлау әрекеттері ауыр санаттағы қылмысқа жатады

Бұдан былай зорлау немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері ауыр санаттағы қылмысқа жатады.
Фото: 24.kz
Фото: 24.kz

Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, жас балаларға қатысты зорлық көрсеткендер 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айрылады, деп хабарлайды 24.kz. 

Баланы жазым еткендерге де аяушылық жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен заңнамаға бірқатар өзгертілер енгізілді. 

Сонымен қатар педофилия фактілерін біле тұра, құқық қорғау органдарына хабарламай жасырғандар 6 жылға дейін түрмеге отырғызылады. Бас прокурордың орынбасары адам өлтіргендер мен педофилдерге, экстремистер мен тұрмыстық сипатта зорлық-зомбылық көрсетушілерге, есірткі сатушылар мен ұйымдасқан қылмысқа барғандарға ешқашан жеңілдік болмауы тиіс екендігін айтты. Сонымен қатар, ғаламтор арқылы есірткі тарататындарға қатысты да жаза күшейтілмек. 

Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары: 

- Әрбір қылмыс азаматтардың ең асыл қасиеттеріне қол сұғу деген сөз. Сондықтан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қылмысқа қарсы күресті күшейтуді тапсырды. Әсіресе, адам өлтіру, зорлау, педофилия, мал ұрлығы, браконьерлік, есірткі тарату, мас күйінде көлік айдағандарға жазаны қатайту жөнінде тапсырма берді. Бұл заң Мемлекет басшысын орындауға бағытталған. 

Мемлекет басшысы азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырмау қажеттігін өз Жолдауында қадап айтқан болатын. Соның ішінде тамыры тереңге жайылған, браконьерлік проблемасы да назардан тыс қалмады. Баршаға белгілі тек биылдың өзінде жануарлар әлемін қорғап жүрген екі табиғат қорғаушысы осы браконьерлердің қолынан қаза тапты. Енді жапан далада тайраңдағандар да жазасыз қалмайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

-Бүгінде браконьерлер сақадай-сай жабдықталып, қаруланған және өздерінің жазалана қоймайтынына сенімді. Биылдың өзінде жануарлар әлемін қорғап жүрген екі инспектор браконьерлердің қолынан қаза тапты.Браконьерліктің тамыры тереңге жайылған, соның ішінде бұл құқық қорғау органдарының салғырттығынан болып отыр. Браконьерлер ұлттық байлығымыз – табиғатымызға аяусыздықпен орны толмас зиян келтіруде. Үкіметке екі ай ішінде тиісті заңнаманы қатайту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын. 

Қазақстан халқына жолдауынан. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына зиян шеккізіп келген барымташыларға қатысты да заң күшейеді. Ұрлық-қарлықтың үлкен кішісі жоқ. Сондықтан бұл да ауыр қылмыстар қатарында. Заңсыздық қайталанған жағдайда бұрынғыдай татуласу болмайды. 

Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары: 

- Қылмыстық жазаны қатайтып жатырмыз. Қылмыс топтасып жасалса, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Жай ғана өзінің қарны ашып, бір мал ұрламайды. Бұл деген ұйымдасқан кәсіп қылып, пайда табу үшін ұрлайды. Оған құқық қорғау органдарынан, шенеуніктерден қамқорлар бар. Сыбайлас жемқорлыққа жол берілген. Қоғамда үлкен наразылық туғызып отыр. Сондықтан жазаны күшейту керек деп ойлаймыз. 

Сондай-ақ ғаламтор арқылы есірткі сатып, есіретіндер де қатаң жазаланатын болды. 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратын аса ауыр қылмыс санатына ауыстырылды. Тіпті кәмелеттік жасқа толмағандарға сатқандар өмір бойы бас бостандығынан айрылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары