31.12.2019, 14:20

Жалған визамен Нұр-Сұлтанға келген екі азамат әуежайда ұсталды

фото: Sputniknews.kz
Электронды виза беру туралы мәліметтер базасынан бұл азаматтарға Қазақстандық виза берілгендігі туралы мәлімет расталмады.

2019 жылдың 31 желтоқсанында сағат 04.30 шамасынде елордадағы "Нұрсұлтан Назарбаев" әуежайында шекара наряды "Стамбул - Нұр-Сұлтан" бағытындағы халықаралық әуе рейсімен ұшып келген 29 және 49 жастардағы нигериялық екі азаматты ұстады, деп хабарлайды Skifnews.kz  ақпарат порталы, ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елімізге келген шетелдік жолаушылардың мемлекеттік шекарадан өтулеріне құқық беретін құжаттарын тексеру кезінде олар шекарашыларға Қазақстан Республикасының электрондық визасының көшірмелерін ұсынған. Алайда, электронды виза беру туралы мәліметтер базасынан бұл азаматтарға Қазақстандық виза берілгендігі туралы мәлімет расталмады.

Санаулы минуттардың ішінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің халықаралық әуежайдағы ресми өкіліне тиісті сауал жолданып, аталған Нигерия азаматтарына электронды визаның берілмегендігі, ұсынылған құжаттардың қолдан жасалғандығы туралы жауап алынды.

Ұсталған нигериялықтардың жолы болмады. Келесі әуе рейсімен өз елдеріне депортацияланатын болады.