$ 444.22  476.38  4.82

Жаңа жыл тойламайтын елдер (ВИДЕО)

Бұл мерекенің жаһанданып кеткені сонша, оны діні, ұлты әртүрлі әлемнің барша халқы атап өтеді.

Әне-міне Жаңа жылдың табалдырығынан аттағалы тұрмыз. Бұл мерекенің жаһанданып кеткені сонша, оны діні, ұлты әртүрлі әлемнің барша халқы атап өтеді. Бірақ, кейбір елдер үшін 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға өтер түн Жаңа жыл болып есептелмейді. Ондай халықтардың өз Жаңа жылы болады.

Мысалы, үнділер Жаңа жылды бірнеше рет тойлайды. Ал 22 наурыз күні түркі жұрты мен Таяу Шығыс Наурыз мейрамын атап өтсе, шығыс азиялықтар қаңтар мен ақпан аралығында Қытай жаңа жылын атап өтеді. Олар мұны – “Көктем мерекесі” деп атайды.

Израиль 

31 желтоқсан мен 1 қаңтарды мерекелік күндер ету үшін израильдықтар арнайы флешмоб та ұйымдастырады. Дегенмен күнтізбелік жылдың басталуын мерекеге балайтын 2 миллион израильдық жаңажылдық түннен кейін жұмысқа шығуға мәжбүр.  

Израильде Жаңа жылды негізінен ТМД елдерінен келгендер тойлайды. Олар көп жыл бойы 31 желтоқсан мен 1 қаңтарды демалыс ету үшін күресіп келеді, бірақ нәтижесіз. Алайда мемлекетте Жаңа жылды қарсы алам деушілерге ешкім тыйым салмайды. Сондықтан, израильдықтар 31 желтоқсан күні сағат 12-де ізгі тілектерін білдіріп, бір-бірін құттықтайды.

Сауд Арабиясы 

Сауд Арабиясы Жаңа жылды тойламайды. Күндердің өзгеруін атап өту исламға жат нәрсе боп саналады. Бұл елде мемлекет көлемінде аталып өтетін үш ірі мереке бар. Олар: Тәуелсіздік күні, Рамазан айы және Құрбан айт мейрамы.  Әйтсе де, мұсылмандар Жаңа жылды тойлау үшін басқа дін ұстанатын достары кешкі асқа шақыратын болса, тартынбай барады. Сондықтан, Сауд Арабиясында Жаңа жыл жеке кешкі дастарханда немесе белгілі бір отбасының дастарханында ғана аталып өтеді.

Иран 

1 қаңтар – Иранда әдеттегі қарапайым күн. Ел парсы күнтізбесі бойынша өмір сүреді. Иранда Жаңа жыл күн мен түн теңесетін 21 наурыз күні тойланады. Мереке – Наурыз, яғни “жаңа күн” деп аталады. Наурыз тек Иранда ғана емес, көптеген елдерде аталып өтеді. Ауғанстанда Наурыз мейрамында жыл басталады. 1 қаңтармен қатар бұл мейрамды, біздің елден бөлек, Тәжікстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, Албания және Македония елдері атап өтеді.

Үндістан 

Көп мәдениетті Үндістанда мерекелердің саны да өте көп. 365 күн ішінде ең көп демалатын да осы үнділер. Егер бұл елдегі мейрамдардың барлығын жалпыхалықтық етіп тойлайтын болса, халықтың жұмыс істеуге уақыты қалмайды екен. Сондықтан, олардың кейбіреулерін халық “таңдау мерекесі” деп атайды. Таңдау мерекесінде барлық кеңселер мен мемлекеттік мекемелер жұмыс істейді, бірақ қызметкерлер өздеріне демалыс жариялауына болады. Мысалы, сондай мерекенің бірі – Жаңа жыл. Бұл елде 1 қаңтар үнділер үшін халықтық мереке емес. 

Үндістанның әр аймағының өз Жаңа жылы бар. Олар тек, 22 наурызды жалпыұлттық Жаңа жыл санайды.  Үндістанның Керала штатында Жаңа жылды 13 сәуірде тойлайды. Оны жергілікті халық “Вишу” деп атайды. Дәл осы күні Сикхтер де (негізінен Үндістанда тұратын этно-конфессиялық топ, сикхизмді ұстанушылар) өздерінің Жаңа жылын – “Вайсахиді” атап өтеді. Оңтүстік Үндістанда "Дивапали" фестивалі күзде кеңінен аталып өтеді, бұл да жаңа жылдың келуін білдіреді. Бұлар Үндістанда тойлауға болатын Жаңа жыл күндерінің толық тізімі емес. Айтпақшы, “таңдауға арналған мерекелердің” қатарына католиктік “Рождество” да  кіреді.

Оңтүстік Корея 

Корейлер Жаңа жылды екі рет атап өтеді: бір рет әдеттегі Григориан күнтізбесі бойынша, екіншісі – Ай бойынша. 

1 қаңтар – Оңтүстік Кореяда демалыс күні. Мұнда безендірілген шыршалар мен Аяз ата жиі кездеседі. Кореяда жылдың басы мереке ретінде емес, отбасы және достармен бірге өткізетін көптен күткен демалыс ретінде қабылданады. 

Кәрістер Жаңа жылды ауқымды етіп Ай бойынша атап өтеді. Мұндай Жаңа жылды “Соллал” деп атайды. Ол әдетте ақпан айының басында келеді. Корейлер өз Жаңа жылын көктемнің басындағы мереке ретінде қабылдайды, ол кезде табиғат гүлденуге және жаңаруға баяу дайындала бастайды. Соллалмен байланысты көптеген әдет-ғұрыптар мен белгілер бар. Мысалы, осы күн кәрістердің көпшілігі туған қалаларына ата-бабаларын еске алуға аттанады. Жол көп уақытты алуы мүмкін болғандықтан, Жаңа жылдан бір күн бұрын демалады да одан кейін бірден ұлттық мереке тойланады. 

Қытай  

Әдетте, Қытай мемлекеті григориан күнтізбесі бойынша Жаңа жылды 31 желтоқсанда қарсы алады. Алайда, қытай халқына өз күнтізбесі маңыздырақ. Қытай Жаңа жылы “Көктем мерекесі” деп аталады. Бұл атау Еуропа халқының Жаңа жыл мерекесінен ажырату үшін берілген. Тұрмыста бұл мерекені “Нянь” деп атайды. “Нянь” қытай тілінен аударғанда “жыл” деген мағынаны береді.  1 қаңтар мерекесі енгізілместен бұрын әлемнің көптеген халықтары Жаңа жылды көктемде қарсы алатын. Себебі, бұл мезгілде қыс кетіп, көктем келгенде табиғат жаңарады. Бағзыдан Қытай елінде Жаңа жыл мерекесі ең ұзақ әрі басты мереке болып есептеледі. Қытай Жаңа жылын тек Қытай мемлекетінің аумағында ғана емес, сондай-ақ, Гонконг, Макао, Тайвань, Рождество Аралы, Бруней, Индонезия және т.б. өңірлерде тойланады. Мерекені атап өту екі аптаға дейін созылады, кейін Шам мерекесімен аяқталады.

Вьетнам 

Вьетнамдық Жаңа жыл “Тет” деп аталады. Бұл елдің ең маңызды және танымал мерекесі. Ол қаңтардың аяғында және ақпанның басындағы күндердің бірінде аталып өтеді. Көбінесе бұл қытайлардың мерекесімен ұқсас келеді. Тет отбасылық мереке болып саналады және ол басталған күні вьетнамдықтар сапардан оралып, туыстарымен уақыт өткізуге, қайтыс болған адамды еске алып, бір-біріне сыйлықтар беруге тырысады. Тет мерекесі бір аптаға созылуы мүмкін.

Бангладеш 

Бангладеште 1 қаңтар ресми мереке және демалыс күні болып есептеледі. Бірақ Жаңа жыл емес. Олар Жаңа жылды 14 сәуірде бошак айының бірінші күні атап өтеді. Адамдар ерте тұрып, ең жақсы киімдерін киіп, серуенге шығады. Бұл мереке күні мемлекет ішімдікке тиым салады. Мереке күні адамдар бір-бірімен жақсы қарым-қатынас жасайды, ән айтады, сурет салады, билейді, суретке түседі және мерекелік жағдайда жақсы етіп өткізуге тырысады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Жаңа жыл