Батыс Қазақстан облысында бір күнде қос бірдей тұрғын үй өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бұл үйлердің екеуінде де газ баллондарының жарылу қаупі болды.
Кеше сағат 17.58-де Оралда Махамбет ақын көшесі 6-үй 3-пәтерде өрт шықты. Үйдің төбесі мен жеке заттар жанды. Аумағы 15 шаршы метрді қамтыған өрт орнынан 3 газ баллоны шығарылды.
10 адам, 3 техниканың қатысуымен «тілсіз жау» сағат 19.02-де ауыздықталды.
Сондай-ақ сағат 21.50-де Теректі ауданы Приречный ауылы Набережная көшесі 12-үйдің өртенгені жөнінде хабар түсті.
Үйдің төбесі мен ағаш жақтаулары жанып, аумағы 36 шаршы метрді қамтыды.
Өрт сөндірушілер бұл үйден де бір газ баллонын алып шықты. Өрт (5 адам, 1 техника) бүгін сағат 00.20-да сөндірілді.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, кінәлі адамдар, келтірілген шығын анықталу үстінде.
БҚО ТЖ департаменті газ баллондарынан келетін қауіптің қыс күндерінде арта түсетіндігін, сондықтан сақтық шараларын ұстанудың қажеттігін ескертеді.