Енді елорда көшелерінде 100 электр автобусы жүретін болады. Оның 15-і қаңтардың 2-сі күні жолға шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов электравтобустардың техникалық жағдайы мен сипаттамаларымен танысты. Жайлы және шусыз электр автобустарының экологиялық артықшылығы – атмосфераға зиянды шығарындылардың болмауы, сондай-ақ, оларды пайдалану кезіндегі үнемділік. Бұл дизельдік аналогтармен салыстырғанда, автобус парктеріне тек отынның өзін 80 пайызға жуық үнемдеуге мүмкіндік береді.
«Электр автобустары қызмет көрсетуде түбегейлі ерекшеленеді. Бұнда беріліс қорабы жоқ, май мен сұйықтықты ауыстыру қажет емес. Пайдалану шығындарынан үнемдеу 80 пайызға дейін болады. Егер дизельді автобустарға кететін шығындар тәулігіне 22-25 мың теңгеге дейін болса, электр шығындары одан 4-5 есе аз.
Конструкцияның өзі автобусты тәулігіне бір рет түнгі уақытта ғана зарядтауға мүмкіндік береді. Яғни, күндіз автобусты зарядтаудың қажеті жоқ, электр қуаты күні бойына жетеді», - деп атап өтті «Астана LRT» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Сейітов.
Жаңа автобустар зияткерлік бақылау жүйесімен, пандустармен және мүгедектер мен балалары бар жолаушыларға арналған арнайы орындармен жабдықталған. Сондай-ақ, орындықтар жанында ұялы телефондарды зарядтауға арналған қосқыштар орнатылған.
«СарыарқаАвтоПром» компаниясының электравтобустары – Қазақстанда құрастырылған. Жаңа электравтобустар автопаркті айтарлықтай жаңартуға, қозғалыс интервалын және аялдамаларда автобустарды күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.