05.01.2020, 20:05

Египетте қаза тапқан қазақстандық елшінің қайда жерленгені белгілі болды

фото: vrk.news
Өсербаеваның айтуынша, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мәйітті жеткізу шығындарын көтерген.

Египетте Қазақстан елшісі болып қызмет атқарған дипломат Еламан Жолдасовтың денесі Қазақстанға жеткізілді. Оны Түркістан облысында жер қойнына тапсырды, деп хабарлайды Тengrinews.kz, марқұмның туысы Нәзипа Өсербаеваға сілтеме жасап.

 Әйелдің айтуынша, Еламанды 31 желтоқсанда Түркістан облысындағы туған жері Шарбұлақ ауылында жерлеген. Сыртқы істер министрлігі мәйітті жеткізу шығындарын көтерген. «Еламанның жары мен оның балалары әзірге Мысырда екен. Ол жүкті, жат елде қанша болатынын білмейміз», – дейді әйел.

Нәзипа Өсербаева туысының мезгілсіз қазасына байланысты тергеу жүріп жатқанын да айтты. 

Еске сала кетейік, Еламан Жолдасов 13 желтоқсанда Каирдегі өз үйінің кіреберісінде өлі табылды. Кейін көз жұмған дипломаттың жары Айнұр Молдабаева Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады. Онда келіншек жұбайының өліміне қатысты істі мұқият және ашық тергеу жүргізуді сұраған.