Астана мен қостанайлық 4 тәртіп сақшысы пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Астана қаласы Сарыарқа аудандық ІІБ жедел уәкілі А.Ережепбаев деректер базасына тіркелген тұлғаны өшіру үшін 195 мың теңге пара алып жатқанында ұсталған. Ол тергеу абақтысына қамалды.
Сонымен қатар, Астана қаласы ІІД әкімшілік полиция басқармасы, жол патрульдік полициясының аға инспекторы Б.Рахымбеков пен жол патрульдік полициясының инспекторы Н.Сыздықов мас күйінде көлік жүргізген азаматтарды әкімшілік жауапқа тартпау үшін пара алып жатқан жерлерінен қолға түскен.
Сондай-ақ, Қостанай облыстық ІІД-нің жедел уәкілі Б.Ташмұқанов Қостанайдың орталық базарындағы кәсіпкерлердің бірінен пара алу үстінде ұсталған. Министрлік мәліметінше, күдіктілер айыптарын толығымен мойындап отыр. Сотқа дейінгі тергеу жеделдетілген түрде жүргізілетін болады.