07.01.2020, 14:05

Кинологтар Жайық жағалауынан 15 жастағы жасөспірімнің мәйітін тапты

Соңғысын іздеу шаралары бір күнге созылды.

Жайық өзенінен мұзды ойыққа түсіп кеткен баланың денесі табылды , - деп хабарлайды "Хабар 24".

 Мұз үстімен жүрмек болған төрт жеткіншек жарылған ойыққа батып кеткен еді. Жедел жеткен полицейлер мен құтқарушылар 12 және 15 жас аралығындағы үш жасөспірімді ажалдан алып қалды. Соңғысын іздеу шаралары бір күнге созылды. Өкінішке орай кәмелетке толмаған ауыл тұрғынының мәйіті кешкі уақытта мұз астынан табылды. Ал құтқарылған балалардың біреуі үйіне жіберіліп, екеуі дәрігерлердің бақылауында. Мамандардың айтуынша, науқастардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. 

"Сағат 17:35-те Жайықтың жағалауында сол батқан жерінен табылды. Құтқарушылардан тоғыз адам жұмылдырылды. Бір арнайы дайындықтан өткен ит пен кинолог мамандармен іздестіру жұмыстары кеше 5 қаңтар күні жүргізіліп, кешкі сағат 18.00-де тоқтатылды", - дейді облыстық ТЖД басқарма басшысы Қайрат Темірболат.