$ 446.49  475.38  4.79

Семей қаласы тарихи орталыққа айналады

Сонымен қатар, ұлы ақынның 175 жылдығы аясында Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебай абаттандырылады.
Фото: Kapital.kz
Фото: Kapital.kz

Абайдың 175 жылдығы құрметіне Семей қаласы ерекше мәртебеге ие болады, президент үкіметке тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айтылған, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан, елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай, шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкіметке бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», - деп жазды президент мақалада.

Сонымен қатар, ұлы ақынның 175 жылдығы аясында Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебай абаттандырылады. Тоқаев «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыруды тапсырды.

Бұдан бөлек, Жидебайда музейге арнайы лайықталған «Абай мұрасы» атты жаңа ғимарат салу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, 1918 жылы Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов негізін қалаған, 1992 жылдан бері қайта шыға бастаған «Абай» журналына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмек. Мемлекет басшысы бүкіл Қазақстан халқын ұлы Абайдың 175 жылдығы құрметіне қолға алынған игі бастамаларға белсене атсалысуға шақырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары