Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қалыңдығын қылқындырып өлтірді деген 23 жастағы күдікті Бақыт Орынбасаровтың соты басталды. Ол марқұм қалыңдығы Әсем Эльбрусованы өлтірді деп айыпталуда. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы,Timeskz.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Күдікті сот барысында экс-сүйіктісі екеуі бір-бірін қатты қызғанғандықтарын айтып, араларындағы дау осыдан туындайтынын алға тартты.
10 тамызда Әсем Эльбрусова түсік жасатқанын мойындаған. Мұны білген айыпталушы қатты ашуланып, сыртқа шықпақшы болған. Жігіттің сөзінше, сол сәтте қыз оны құшақтап жібермей қойған.
"Оның мойнына қолым қалай барып қалғанын өзім де білмей қалдым. Өлтіргім келмеді. Оны итеріп жібергенімде диванға арқасымен құлады. Содан тұншығып алаңтай бастады. Көмектескім келген. Бірақ, аузынан көбік ағып жатты. Сондықтан оған дәрігердің көмегі керек еместігін түсіндім", - деді айыпталушы жігіт Бақыт Орынбасаров.
Қыз қаза тапқан соң, оны итеріп жіберген жігіт дәріханадан дәрі алып өзін-өзі өлтірмекші болыпты. Ойын іске асырып, көп дәрі жұтқандықтан ұйқыға кеткен жігіт тірі қалған. Оянғанда полицияға өз еркімен берілуді дұрыс деген шешімге келіпті.
Кісі өліміне қатысты сотта үш сарапшы сөз сөйлеген. Олар Әсем Эльбрусованың кездейсоқ қайтыс болуы мүмкін емес екендігін айтқан.
"Қылқындырғанда адам бірден өліп кетпейді, ал Әсемдегі секілді тіл астындағы сүйектің сынып кетуі үшін де біраз күш керек. Тіпті, қыз арқасымен диванға құлап, омыртқасын зақымдаса да, ол тірі қалуы керек еді", - деген уәждерін алға тартты.
Ал, сарапшылар қыздың асфиксиядан (кислородтың жетіспеушілігінен дем алу мүшелеріне зақым келуі)қаза болғанын растады. Мұнан бөлек, сараптама нәтижесі, марқұм болған қыздың ешқандай медициналық мекемеді түсік жасатпағанын көрсетті.
Қазіргі таңда сот процесі жалғасуда.