09.01.2020, 18:20

6 млрд-тан аса айыппұл салықтық рақымшылық бойынша есептен шығарылды

Фото: pixabay.com
2018 жылдың 1 қазанына дейін төлеу мерзімінен өтіп кеткен салық төлеушілерге де рақымшылық жасалды.

Елімізде 44 397 салық төлеуші салықтық рақымшылыққа ілікті. Бұл туралы коммуникациялар қызметінде ҚР Қаржы министрлігінің бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов хабарлады. 

«Салықтық рақымшылық қорытындысы бойынша, жалпы республика деңгейінде 8,3 млрд теңге сомасына берешегі бар 41 183 салық төлеушінің берешегі өтелді. Бұл ретте есептен шығарылған өсімпұлдар мен айыппұл сомасы 2,9 млрд теңгені құрады», - деп мәлімдеді. 

Сонымен қатар, тамыз айынан бастап салық заңнамасын бұзған, алайда оны қалпына келтіргендерге және 2018 жылдың 1 қазанына дейін төлеу мерзімінен өтіп кеткен салық төлеушілерге де рақымшылық жасалды. Нәтижесінде, 3 214 салық төлеуші амнистияға ілігіп, 10,1 млрд теңге берешегін төлеген. Олардың 3,6 млрд теңге көлеміндегі айыппұлдары мен өсімпұлдары есептен шығарылды. «Осылайша салықтық рақымшылықты қолданған салық төлеушілердің жалпы саны 44 397 құрады, төленген берешегі 18,4  млрд теңгені, ал есептен шығарылған өсімпұлдар мен айыппұлдар 6,5 млрд теңгені құрайды», - деді Б.Шолпанқұлов.

Дереккөз: Хабар 24