$ 514.65  544.6  5.17

Әлемдегі ең қауіпті 8 әуежай

Әсіресе, жайсыз ауа-райы жағдайында аман-есен қону және ұшу қиындық тудырады.

Адамзат ұшақтарға немқұрайлы қарамайды. Біреулері шынымен әуе жолы арқылы жүруді ұнатса, енді бірі тек қажет болғандықтан ғана қолданады. Сондай-ақ, ұшақтардың ұясындай әуежайлар да маңызды рөлге ие. Олардың ішінде адам қызығушылығын арттыратын көріктісі, сапалысы мен қарапайымы бар. Ал, бүгінгі мақалада ең қауіпті әуежайлармен таныса аласыз. 

«Кансай» халықаралық әуежайы, Осака, Жапония 

1980 жылдары Жапония мегаполисі Осакада бірқатар мәселелер туындап, қаланың ескірген әуежайы жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуден қала бастаған. Оның үстіне халқы тығыз орналасқан қала аумағынан жаңа әуежай салатын бос жер табу мүмкін болмаған. Дегенмен, Осака билігі қиын жағдайдан шығудың ерекше жолын тауып, «Кансай» атауын алған жаңа әуежай теңізге салынған арнайы арал ретінде салынған.

Алайда, алғашқы уақытта бұл әуежайдан ұшатын және қонатын ұшақтар ірілі-ұсақты апаттарға жиі ұшырап, алаң аумағы 1994 жылы 50 сантиметрге созылғаннан кейін ғана сирей бастаған. Қаншама миллиардтар мен уақыт жұмсалған аэропорт барлық мүмкіндіктерге ие болғанымен, су бетіндегі алаңшаға қону көптеген адамдар үшін қорқынышты. 

Гибралтар халықаралық әуежайы 

Пиреней түбегіндегі әуежай алаңының көлемі 6,5 шаршы шақырымды құрайды, оған қоса қасында әскери әуе базасы да салынған. Дегенмен, мұндағы құрғақ кеңістік ұшу-қону жолағына жеткіліксіз болғандықтан, кез келген ақаудың соңы ұшақтың суға құлауына соқтырады.

Сондай-ақ, бұл әуежайдың бір ерекшелігі – ұшу-қону жолағы Гибралтар автожолының бірін мәжбүрлі түрде қиып өтеді. Ал, көліктер ұшақтың өтіп кеткенін күтіп тұрады. 

Мадейра Әуежайы, Португалия 

Португалиядағы Мадейра аралында әуежай салатын қолайлы жер болмағандықтан 1990 жылдардың соңында ұшақ алаңын қолдан жасаудан басқа амал қалмаған. Содан, тау мен мұхиттың ұштасқан жерінен осындай бетоннан құйылған ұшу-қону алаңын салған. Бұл әуежай тіпті үлкен ұшақтарды да қабылдай алады. Бірақ, бұл нысан техникалық талаптарға сай келгенімен, әлемдегі ең қауіпті әуежайлардың қатарына кіреді.

Сочи Әуежайы, Ресей 

Бұл Ресейдегі ұшқыштар үшін ең күрделі әуежай. Себебі ол теңіз жағалауы мен таулар арасындағы кеңстікте орналасқан және тек теңіз жағынан ғана ұшып-қону болады. Әсіресе, жайсыз ауа-райы жағдайында аман-есен қону және ұшу қиындық тудырады. Оған қоса, теңіздің жақындығы, жиі тұратын бүйірлік жел тағы бар.

«Кранебиттен» халықаралық әуежайы, Инсбрук, Австрия 

Ал, мына әуежай жыл сайын Альпі тауларына келетін ондаған мың шаңғышыларды қабылдайды. Ол далада орналасқан және биік таулармен қоршалған. Оның үстіне қонар алдында ұшақ 180 градусқа бұрылады, бұл ретте ұшқыштарға күшті альпілік желдермен күресуге тура келеді. Сондықтан, нысанның көрінісі әдемі болғанымен, қаупі басым.

Ханзада Юлиана әуежайы, Синт-Мартен, Нидерланды 

Ұшу-қону жолағы Кариб теңізінің жағасында, Махо жағажайына жақын орналасқан нысан әлемдегі ең әсерлі әуежайдың бірі. Себебі, мұнда келіп-кететін ұшақтар жағажайда демалып жүрген адамдардың үстінен өте жақын ұшып өтеді. Соны пайдаланған туристер демалып қана қоймай, керемет фотосессия жасай алады. Дегенмен, әуежайдан ұшып шығатын ұшақтың қозғалтқышынан ұратын толқынды соққы денсаулыққа зиян екен. Ал, ұшақ апатын айтпай-ақ қояйық...

Хуанчо Ираускин атындағы әуежай, Саба, Нидерланды 

Саба – Нидерландыға тиесілі тағы бір Кариб теңізінің аралы. Бұл жерде де өздерінің ең қысқа ұшу-қону жолағымен жабдықталған ерекше әуежай бар. Оның ұзындығы – бар болғаны 396 метрді құрайды. Бірақ, жолақтың екі шетіне "Х" белгісі қойылғандықтан, мұнда тек көрші аралдардың ұшақтары ғана қона алады.

Кайтак Әуежайы, Гонконг 

1998 жылы жабылып қалған Гонконгтағы бұл әуежай әуе тасымалы тарихында мәңгіге қалады. Өйткені, оған қону үшін ұшқыштар зәулім ғимараттардың жанымен күрделі манврлер жасау арқылы өтетін болған. Сондай-ақ, бұл жердегі күшті бүйірлік жел де ұшқыштар мен жолаушыларға біраз зиян тигізген.

Дереккөз: Ernur.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#әуежай