Қызылордалық полицейлер өзіне қол жұмсамақ болған жергілікті тұрғынды құтқарып қалды. Оқиға 23 қаңтар күні кешкі 17:30 шамасында орын алған деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Тексеру барысында белгілі болғандай, жергілікті тұрғындардың бірі "Сырдария" көпірінің үстінен өзенге секіріп кеткен. Оқиға орнына дереу жеткен жол-патрульдік полиция қызметкерлері ауа райының суықтығына қарамастан үстіндегі киімдерімен суға түсіп, ағып бара жатқан адамды жағаға аман алып шықты. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін оқиға орнына жедел-жәрдем станциясы жетіп, дәрігерлер өзін өлтірмек болған азаматты ауруханаға жеткізді. Қазір оның өміріне төніп тұрған қауіп жоқ дейді олар.
Ал, полицейлер болса жергілікті тұрғынды өзін өлімге баруға не итермелегенін анықтап жатыр.