Трансгендер әйел арнаулы қызмет өкіліне "сексуалды зорлық көрсетті" деген айып тағып отыр. Ол қылмыстың өзі жазасын өтеп жатқан жалпы режимдегі колонияда болғанын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "экстремистік" баптар бойынша жазаға кесілген тұтқындармен жұмыс істейтін өкілі жабық мекемеге еш кедергісіз кіргенін айтады.
Зорлық көргенін мәлімдеген трансгендер әйел мен күдікті қазір Алматы шетіндегі бір тергеу изоляторында отыр.
2019 жылы шілде айында адвокат Айман Омарованың Алматы облысы, Жауғашты ауылындағы әйелдер түрмесінде болған зорлық туралы мәлімдемесінен кейін қозғалған іс әлі сотқа жетпеген.
Адвокат айтқан зорлық фактісінен бері жарты жылға жуық уақыт өткен. Омарованың сөзінше, адвокат пен оның қорғауындағы жәбірленуші Виктория Берікқожаеваға желтоқсан айында тергеу амалдары аяқталғанын хабарлаған. Бірақ, кейін тергеу жалғасып, соңында іс материалдары сотқа берілмеген. Жәбірленуші тарап істің созылуын ықпалды құрылымның араласуынан көреді.
"Тергеу органдарына, прокурорға (оперативті тергеу тобының басшысы) қысым көрсетіп жатқанға ұқсайды. Бұл туралы өзі еш мәлімдеме жасамағанына қарамастан, жағдайға қарап, оған қысым жасалып отыр деп ойлаймын. Кейінірек сотқа қысым көрсететіні белгілі. Өйткені, бізде сот Ұлттық қауіпсіздік комитетінен қорқады", - деді қаңтардың 9-ы күні facebook парақшасына жариялаған видеоүндеуінде адвокат Айман Омарова.
Ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығын тергеу органдары мен қылмыстық іс куәгерлеріне қысым көрсетпеуге шақырды.
Дереккөз: Azattyq.org