Буллинг туралы естімеген адам шамалы. Аты әдемі болғанымен, заты мүлдем басқа. Мамандардың балалар арасындағы әлімжеттікті, олардың бір-біріне көрсетіп жүрген қорлығын, төбелес пен мазақты жұмсартып, осындай атау берген. Елімізде әр бесінші оқушы дәл осы буллингтің құрбаны болады екен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, "Еуразия 1"-ге сілтеме жасап.
«Буллинг пен суицидтің алдын-алу үшін біріңғай бағдарламасын енгізетін боламыз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, бүгінгі күні ол - үлкен проблема. Бұл проблема шын мәнінде біздің мектептерде бар. Сондықтан осы проблеманы шешу үшін біз тиісті шараларды осы жобада қарастырып отырмыз», - деді ҚР-дың Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Министр сөз еткен жобада осындай озбырлықтардың алдын алып, шешуге бағытталған жұмыстар қолға алынбақ. Басты назар - тәрбие сабақтарына берілмек. Қазақстандық әр бесінші оқушы буллингтің құрбаны немесе қатысушысы болады екен.
"Мені бала кезде семіз деп те атайтын. Қабақ деп те айтты, мұны да естідім. Мұның бәрі әзіл болса да, артында шындық бар дейді ғой. Бірақ, қатарластарым әзілдегенде жауап беретінмін. Екі есе ақылдырақ болып, миымды қосып. Оның бәрін әзілге айналдыру керек. Бір ауыр сөзді айтқан кезде, сол адамның деңгейіне түсіп, жынданып, бүйтіп-сүйтіп ол адам саған тиіскен кезде, ол соны қалайды", - дейді халық арасына Жека есімімен танылған вайнер Жеңіс Омаров мектеп кезін есіне ала отырып.
Алайда, әлімжеттік жасап, сондай жолмен өзін мықты етіп көрсеткісі келгендердің сөзін жүрекке жақын қабылдап, депрессияға ұшырап, тіпті, өз-өзіне қол салғандар да аз емес. Балалар суицидінен әлем бойынша алғашқы үштікте екенбіз. Ал психологтар "зардап шеккендер өз алдына, әуелі бұл мәселенің бастамашысы болғандармен жұмыс істеу керек" дейді.