19.01.2020, 01:26

Алматы қаласы Алатау ауданының бұрынғы әкіміне «бюджет қаражатын жымқырды» деген айып тағылды

Ал әкімдіктің мәдениет бөлімінің басшысы кінәсін мойындауына және оның қорғаушысының келу туралы міндеттеме беруіне байланысты процессуалдық ұстау шарасы қолданылған жоқ.

Алматы қаласы Алатау ауданының экс-әкімі мен оның орынбасары жемқорлық күдігіне ілікті, деп жазады Holanews.kz.

«Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі, оның орынбасары, сондай-ақ осы аудан әкімі аппараты мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысын әшкереледі. Олар 2019 жылы «Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген бюджет қаражатын ірі мөлшерде ұрлады деген күдікке ілінді», - делінген сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет таратқан ақпаратта. 

Сондай-ақ, ведомство мәліметінше, аудан әкімінің орынбасары жалпы қамқорлығы үшін және қызметтік жалған әрекет жасау арқылы орындалған жұмыстар актілеріне нақты орындалмаған жұмыстардың атқарылғандығы туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізу жолымен мердігер ұйымның өкілінен 500 мың теңге сомасында параны карточкалық шотқа банктік аудару арқылы алу фактісі бойынша тергеліп жатыр. 

«Аудан әкімі мен оның орынбасары ұсталып, Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау абақтысына қамалды. Бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі шешілуде», - делінген таратылған ақпаратта. 

Ал әкімдіктің мәдениет бөлімінің басшысы кінәсін мойындауына және оның қорғаушысының келу туралы міндеттеме беруіне байланысты процессуалдық ұстау шарасы қолданылған жоқ. 

Айта кетейік, кеше Алатау ауданының әкімі Ш. Рыспаев өз өтінішімен қызметінен кеткен болатын. Ал оның орнына Алматы әкімінің өкімімен, Президент Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Алатау ауданының әкімі болып Азамат Қалдыбеков тағайындалған еді.