Қарағандыда көршісінің 3 жасар қызын 15 рет пышақтап өлтірді деп айыпталған әйелге қатысты сот басталды, деп хабарлайды "Астана" телеарнасына сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.
Істі қылмыстық істер бойынша арнайы мамандандырылған ауданаралық сот қарап жатыр. 35 жастағы әйел бүлдіршінді DVD-плеерді құлатып алғаны үшін жазалағанын мойындаған. Жан түршігерлік оқиға қараша айында Сәтбаев қаласында болған еді.
Шешесі қызды қарауға қалдырып кеткенде көршісі аямай азаптаған көрінеді. Тіпті, өтпейтін пышақты өткіріне ауыстырып пышақтауын жалғастырған. Күдікті ол кезде мас болыпты. Енді 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Процеске баланың анасы келмеді. Куәгерлер Сәтбаев қаласында болғандықтан келесі отырыстар сол қалада өтетін болды.
"Күдікті сот аяқталғанша абақтыда отырады. Келесі отырыстар Сәтбаев қаласында өтеді. Күдікті алқа билер сотын емес, кәдімгі сот форматын таңдады", - деді Қылмыстық істер бойынша арнайы мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бекзат Шалғымбаев.