$ 444.22  476.38  4.82

«Қасқырлар мекені»: Нұр-Сұлтан полицейлері өздері жоққа шығарған жыртқышты ұстады (ФОТО, ВИДЕО)

Екі тәртіп сақшысы ұстап тұрған бұл қасқыр – шынымен де «нұрсұлтандық».

WhatsApp желісінде тарап жатқан елорда көшелерінде жүрген қасқырлар туралы видеолар жергілікті Полиция департаментінің де назарына ілікті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл ретте кейбір желі қолданушылардың «артық қыламын деп тыртық қылып» жатқандарын ескеру керек. Мысалы, кеше елордалықтар «қасқырлар арнайы ХҚКО аумағында жүр» деп таратқан бір видео Ресейдің Калуга қаласында түсірілген. Онда үш жыртқыш бір итті жәукемдеп жатыр. Маңындағы үйлердің көрінісі Нұр-Сұлтан қаласынікіне ұқсамайтыны айтпаса да түсінікті.

Сондай-ақ, бір топ қасқырдың екі итке шабуылдағаны туралы видеоның да елордамызға «үш қайнаса бір сорпасы қосылмайды». Тіпті, Ресейдің Архангельск облысында түсірілген ол бейнекөрініс әлеуметтік желілерді былтырдан бері кезіп жүр.

Екеуі де Нұр-Сұлтан қаласында түсірілген дегенге есі дұрыс адам сенетіндей кадрлар емес. Сонда да қазір елорда полицейлері осы видеоларды таратқан қала тұрғындарын іздестіріп жатыр екен.

«Елордада қасқырлар жүр деген мәлімет пен видеолар шындыққа жанаспайды. Нұр-Сұлтан полицейлері жалған видео таратқандарды іздестіріп жатыр. Олар жауапкершілікке тартылатын болады», - деп хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметі.

Жарайды, оларды іздестірсін-ақ, ал бүгін орталықтағы №8 қалалық емхананың алдынан қазақтың қызы түсірген мына видеоға не уәж айтады? Екі тәртіп сақшысы ұстап тұрған бұл қасқыр – шынымен де «нұрсұлтандық». Жалаң қолға қарсыласар қауқар танытпағанына қарағанда, құдды бір асыранды көкжал сияқты.

«Қыздар, қасқыр бар деген рас екен. Восьмая поликлиниканың алдында, вот!.. Абайлаңдар, көшеге шықпаңдар!» - дейді видеоны түсіріп тұрған қыз.

Сондай-ақ, Көктал кентінде автокөліктегі жігіттердің кеше «атын атап, түсін түстеп» тұрып түсірген видеоларында ит емес, кәдімгі қасқырдың жүргені анық байқалады. Сонда бұлар да қасқырды қасқыр дегені үшін жауапкершілікке тартылуы керек пе?

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары