$ 494.87  520.65  4.91

Коронавирус: Хайнаньға демалуға кеткен қазақстандықтар елге қайтарылып жатыр (ВИДЕО)

Бірі толықтай демала алған жоқ, енді бірінің жылы жаққа бару арманы орындалмады.

Коронавирус Хайнаньға да жетті. Қазақстандықтар ең көп демалатын Қытай аралында бүгін 80 жастағы демалушы көз жұмды. Мұнда инфекцияны тағы 30 адамның жұқтырғаны анықталыпты. Ауыр халде жатқандары да бар. Осыған байланысты еліміздің әуе компаниялары рейстерді тоқтатты. Бірақ Қытайдың демалыс орындарында 900-дей жерлесіміз демалып жатыр екен. Енді олар қауіпті кеселге байланысты елге қайтарылмақ.

Отандастарымызға бұл демалыс бұрынғыдан өзгерек. Бірі толықтай демала алған жоқ, енді бірінің жылы жаққа бару арманы орындалмады. Оған басты себеп – ел президентінің тапсырмасы. Коронавирустың Қазақстан аумағында таралмауына жол бермеуге Үкімет дереу қамданып, Хайнаньдағы қазақстандықтарды қайтарып жатыр. 

"Үлкен сұрақ бар. Кейбір демалушылар толық демалған жоқ. Ал енді біреулері ұшудан бас тартуда. Туристік оператор Хайнаньға рәсімделген турлар бойынша мәселені қызмет көрсетуші тарап, яғни Қытаймен келіскеннен кейін шешеді", - деді «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының басшысы Инна Рей.

Дәл қазіргі күнде Хайнаньнан жүрексініп қалғандарға үш нұсқа ұсынылған: біріншісі – басқа елге саяхаттау; екіншісі – басқа уақытта Хайнань аралына бару. Десек те, жұқпалы аурудың қашан көзі жойылатынына ешкім де кепіл бола алмайды. Үшіншісі – турдан мүлдем бас тарту. 

"Менің ойымша, турдан толықтай бас тартқандар ақшасын 100 пайыз ала алмайды. Бірақ бұл болжам ғана. Әлі талқылану үстінде", - деді «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының басшысы Инна Рей.

Бір сөзбен айтқанда, коронавирус туроператорларды оңдырмай жатыр. Бүгін елордадан Хайнань аралына SCAT-тың ұшағы бос ұшты. Ертең туристер сол әуе кемесімен қайтуы тиіс. Қазір қазақстандықтардың ең сүйікті орнына айналған Қытай аралында 867 жерлесіміз демалып жатыр.  

"Қазір Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің ақпаратына сәйкес, коронавирус жұқтырғандар арасында Қазақстан азаматы жоқ. Сонымен қатар, қазақстандықтар Қытайдың ондаған аумағында тұрып жатыр. Пекиндегі біздің елшілік Қытайда жалпы қанша қандасымыз тұратынын анықтап жатыр", - деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Қытайдағы ушыққан жағдай бойынша Үкімет аса сақтыққа көшкен. Күні кеше Асқар Мамин шұғыл жиын өткізді. Ақжағалыларға бірқатар міндет жүктеді. Жедел желі жұмыс істеп тұр. Қытайдан келгендерге төсек-орын дайын. Арнайы алгоритмдер де әзірленген. 

"Медициналық қызметкерлерден сынамаларды алып, оларды сараптамалық орталықтарға жеткізу, сараптама нәтижесінде күдікті жағдайлар болса, оларды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының орталықтарына жіберу жіті қарастырылған. Біз ресейлік әріптесмтермен келісімге келдік. Күдікті пайда болған жағдайда, Ресейдің қалаларына жіберуге мүмкіншілік бар", - деді ҚР Бас санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин.

Қытай мен Қазақстан арасында әуе рейстерін  төрт компания жүзеге асырады. Аптасына 34 рейс орындалады екен. Бізден 22 рейс, Қытайдан 12 рейс ұшырылады. Қауіпті кеселдің себебінен пойыз, ұшақтағы жолаушылардың әрбірі жіті тексеріледі. 14 күн бойы дәрігер бақылауында болмақ. 

Эпидемиологиялық ахуалға байланысты елге қайтарылатын туристерге операторлар аруды жұқтырмаудың біршама жолын ұсынуда. Ол – қонақ үйден шықпау, Хайнаньның тұрғындарымен араласпау, медициналық бетперде тағу. Ал туристік фирмалар: «Демалушыларға бар жағдайды талап бойынша жасап жатырмыз, бізге мемлекет көмектесе ме?» деп алаңдайды.

Дереккөз: КТК арнасы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#коронавирус