$ 487.37  532.94  5.09

«Бұл – барлық ауруға ем»: алматылық алыпсатарға өзі аз ғана аюдың өтін кімдер әкеп беріп жүр?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аң шаруашылығы комитеті болса, аюды өткен жылғы қарашаның соңына дейін ғана атуға рұқсат берген.
фото: mygazeta.com
фото: mygazeta.com

Алматы облысындағы «Аюдың өтін сатамын» деген жарнаманың иесі кім? Өзіне хабарласқан тілшілерге «бастан башпайға дейінгі мың да бір ауруға ем» деп мақтай жөнелген өтті оған браконьерлер жеткізіп бере ме? Міне, «Замана» газетіне осы мәселеге қатысты көлемді мақала шығыпты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әдейі қоңырау шалып көрген тілшіге: «Бұл барлық ауруға ем. Басы, бауыры, бүйрегі, белі ауыратын барлық адам ішсе, жазылып кетеді. Сарғайып кеткен сары ауруға, көздің нұры шашырағанға, өт қышқылдығы артқанға ішсе, жүдә жақсы. Бидайдың дәніндей ғана бір түйірін 2 ас қасық қайнаған жылы суға езіп қоясың. Су 2 ас қасықтай болса жетеді. Таңертең ашқарынға және кешке жатарда ішесің. Күніне екі рет. Осылай таусылғанша ішеді», - деп зыпылдай жөнеліпті әлгі сатушы әйел.

Айтуынша, оған аюдың өтін аңшылар әкеледі екен. Олар біреуін 45 мың теңгеге берген тауардың үстіне өзі 5 мың қосып, дертіне дауа іздегендерге 50 мың теңгеге өткізіп жіберіп отырады. Бұл ретте, ол тұтынушыға аюдың өтін кептіруге де, жаңа алынған түрін қолдана беруге де болатынын, оған ерекше қызығатын шетелдіктердің қымбат ақы төлеуге дайын екенін ескертіп қоюды ұмытпайды.

Негізінде аю өтінің дәстүрлі ем-домға пайдаланылатыны рас. Бірақ, ем болуы үшін оны дұрыс қолдана білу керек. Мысалы, жүкті, емізулі баласы бар әйелдерге, туберкулезбен ауыратындарға оны қолдану – қауіп. Әйтпесе, «Аюдың өті жаман аурудан (рак) жазады. Оны алмас бұрын бір қапшық ине дайындайды. Сосын аюдың өтін жарып жіберіп, ішіне инелерді салу керек. Аюды сойып, етін бұзып, әбден жұмыс біткен соң, өттің ішіндегі инеден бір талы қалмай бәрі еріп кетеді. Ең ем болатын күшті дәрі сол», – деген зерттеуді жоққа шығару әбестік болар.

Ал бұл жердегі бір мәселе, қазір Қазақстанда аю көп те емес. Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында ғана тіршілік етеді. Онда да жалпы саны 3 мыңға жете қоймайды. Алтай таулы ормандарының Шығыс Қазақстан бөлігінде – 2200, Жоңғар Алатауы жақта 450-500-дей ғана аю бар екен.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аң шаруашылығы комитеті болса, аюды өткен жылғы қарашаның соңына дейін ғана атуға рұқсат берген. Сонда анау сатушы әйелге қалаған уақытында өт жеткізіп беретіндер кәсіби аңшылар емес қой? Сол жағын тиісті орындар анықтамаса болмайтын сияқты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары