Қытайды дүрліктіріп, әлем жұртшылығын алаңдатып отырған ауру жөнінде Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Зағамбар ауылының тұрғыны Бейне Қаржаубаева да (суретте) естіген. Адам емдейтін қабілеті бар тылсыммен байланысқан ол, коронавирусты емдеудің әдісін тапқанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Zamana.kz-ке сілтеме жасап.
«Мен тылсым әлеммен байланысып, бұл ауруды қалай емдеуге болатыны туралы сұрақ қойдым. Сауалыма кеше жауап алдым. Одан жыланның 1 грамм уына екі жұмыртқаның ақуызын араластырып, соны тамақ астынан өкпе тұсына дейін жағу арқылы емделуге болады. Дәрі-дәрмекті күніне таңертең және кешке екі мезгіл, бір-екі ай бойы жағу қажет. Сонымен қатар, табиғи жеміс шырындары мен айран ішіп тұру керек», – дейді ол.
«Ауру себебін әруақтармен тілдесіп, тылсым әлеммен байланысу арқылы білемін», – деп айтатын Б. Қаржаубаева өз айналасына жақсы таныс.
«Қытайдан шыққан ауру туралы жаңалықтардан естігесін, ғаламтордан оқыған соң, тылсым әлемге сұрақ қоюды шештім. Мен сұрақты ойша қоямын, жауап әр кезде әрқалай келеді. Құлағыма естіліп тұрады. Менің адам емдейтінім бар. Кезінде өкпесі қабынған адамдарға шөптен жасалған дәрілермен шипа дарытқан кездерім болған.
Әлгі ауруға мен айтқандай емді қолданып көру керек. Пайдасы болмаса, зияны тие қоймас деп ойлаймын. Өзім мұндай тәсілмен адам емдеп көрген емеспін. Бірақ, тылсымнан келген хабарға сенемін. Қытайда адамдар ауырып, дертті басқа елдердің де тұрғындары жұқтырып алып жатыр дегенді естігесін тылсымға осындай сұрақ қойып, осындай жауап алдым. Бұл емді қолданып, тәжірибеден өткізіп көрсе болады ғой», – дейді Б. Қаржаубаева.
Еске сала кетсек, бұған дейін Кенжебек Жақсылықұлы деген кісіге осыдан екі жыл бұрын түсінде аян берілгенін жазған болатынбыз. «Қазақтың ішіне індет тарайды. Жаңа жылдың бірінші күнінен бастап ауру тарайды. Мұның емін ешкім білмейді. Бұл – Алладан келген үлкен жаза. Жатқан адам тұрып, дәретханаға бара алмай қалады. Көп жастар ауырады. Бұл аурудың себебін өзге ұлттан, Қытайдан көреді. Сонда Алладан келген емші келіп, мен сендерді емдеймін дегенде, ешкім сенбей қояды...», - деген еді сонда ол.
Не десек те, Кенжебек Жақсылықұлы айтқан «Алладан келген емші» осы Бейне Қаржаубаева болып жүрмесін...