28.01.2016, 03:59

Алматы облысында жоғалған тікұшақтың сынықтары табылды

Кеше Алматы облысында жоғалып кеткен тікұшақтың сынықтары табылды деп хабарлайды Tengrinews.kz ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловқа сілтеме жасап.

Құлаған тікұшақ бортында бес адамның болғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Олардың қатарында кішкентай науқас бала да бар еді.

"Іздеу жұмыстарымен айналысып жатқан штаб мәліметінше, Қапал ауылы жолының бұрылысынан 3 шақырым қашықтықта бүгін таңғы сағат 08:20-да тікұшақтың сынықтары табылды. Оның бортында болған бес адамның барлығы қайтыс болған. Осы іске байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында шұғыл тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың бұйрығымен оқиға орнына министрдің орынбасары В.Божко ұшып кетті" делінген аталған хабарламада.

Естеріңізге салайық, бортында 5 адамы болған тікұшақ кеше Астана уақытымен 17:47-де жоғалып кеткен болатын. UP-MD 600-N тікұшақы "Аспан" АҚ-на тиесілі, ол Үшарал қаласынан Талдықорғанға  науқас баланы жеткізу үшін әуеге көтеріліпті.