Қарағанды облысы Саран қаласының тұрғыны Елена Тишинберг 27 жастағы ұлы Владислав Ожигановтың өліміне жергілікті дәрігерлерді айыптап отыр деп жазады ekaraganda.kz порталы.
В.Ожиганов өткен жылдың 19 қарашасында өкпе қабынуымен ауырып, дәрігерлерге көрінген. Алайда, оған тиісті көмек көрсетілмеген дейді марқұмның анасы. Салдарынан 27 қараша күні, яғни араға сегіз күн салып науқас көз жұмыпты.
21 қараша күні Сарандағы орталық ауруханаға барған Ожигановқа дәрігерлер ем жасамай, үйіне қайтарып жіберген. Ал, 23 қараша күні ауруы асқынып қайта келген Владиславты тексеріп болғанша ол жансақтау бөліміне түскен. Шамалары келмеген жергілікті дәрігерлер Қарағандыдан білікті мамандар шақырған. Алайда, олар да түні бойы науқасқа еш ем-дом жасамаған көрінеді. Шу шығарған анасына "дәріхана түнде істемейді" деп сылтау айтқан.
Облыстық басқармаларға шағымданған Е.Тишинбергтің арызы бойынша Саран қалалық ауруханасының үш дәрігеріне қатаң сөгіс пен ескерту берілген. Бірақ бұл жазаны аз деп отырған ана әділдік іздеп әлі де шағымданамын деп отыр.