Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев Мәдениет және спорт министрлігіне шығармашылық ұжымдардың өңірлермен байланысын нығайтуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Республикалық шығармашылық ұжымдардың өңірлермен байланысының маңызы зор. Баяғыда ауылда жүргенде «Бибігүл Төлегенова немесе Роза апамыз келді» деген кезде бүкіл ауыл болып жиналып, концертін көріп, әнін тыңдайтын едік. Сондықтан, Мәдениет және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірігіп, байланыс, тәжірибе алмасу, оқыту-үйрету шаруаларымен айналысуы керек», - деді Бердібек Сапарбаев елордада өткен Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.
Вице-премьердің айтуынша, әрбір әннің, өлеңнің мағынасы болуы тиіс.
«Әрбір әннің тәрбиелік мәні болуы тиіс. Шығарма Отаныңды, ұлтыңды сүюге баулуы керек. Шәмші Қалдаяқовтың әндері неліктен осы уақытқа дейін өлмейді. Өйткені, әр әнінің үлкен мағынасы бар. Қазіргі біздің әндерді тыңдап көріңізші, қалай екендігін... Фонограмма туралы да талай айттық. Кейінгі кезде қобыз бен домбыраны фонограммаға қойып тұрып тартамыз. Бұл – музыка аспаптарын нағыз қорлау. Қобыздың да, домбыраның да өз үні бар ғой. Сондықтан, өнердің осы жағына көңіл бөлмесек, тәрбие беру ісінің маңызы артқан заманда мұның арты жақсы болмайды», - деді Бердібек Сапарбаев.