$ 498.34  519.72  4.85

«Зираттар қазылып қалған»: Қарағанды облысының тұрғындары Бектауата шоқыларының бұзылуына наразы

Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің бас маманы Дамир Рамаевтың сөзінше, құқық бұзушылықты сипаттайтын нышандар бар.

Өткен аптада «Біреулер Балқаштың жанындағы Бектауата тауының шоқыларын қазып жатыр» деген ақпарат тарады. Бұл – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына енген санаулы тарихи орынның бірі. «Ерекше қорғалатын табиғи мұра ескерткіштері» санатына еніп, мемлекеттік қорғауға алынғаны тағы бар. 

Әлеуметтік желіде таралған хабарламада тарихи нысанның шоқыларын «Қарағанды-Балқаш» күре жолының құрылысы үшін бұзып жатқаны, сонымен қатар ол маңдағы ескі қорымдардың да қазылып тасталғаны айтылды. Осыған қатысты «Ortalyq Qazaqstan» тілшісі оқиға орнына барып, мәселенің мән-жайын зерттеп қайтты.

Шынымен де Қоңырқұлжаның етегінен басталған қазу жұмысы үлкен аумақты алып жатыр екен. Осыған дейін бұл жер «Айтас-2002» ЖШС еншісінде болыпты. Кейін, учаскені шаруа қожалығы мемлекетке өткізген.

«Біз қазір бөлінген 8,5 гектар алқап шегіндегі жер учаскесінің шекарасынан аспай жұмыс істеп жатырмыз. Аталған аумақ, құрылысы және жобалық құжаттамаға сәйкес, арнайы белгілермен таңбаланады. Біз ол жерлерге алдымен зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар, Үкіметтің берген рұқсаты аясында бұл аумақтардан қажетті материалдарды алып жатырмыз. 

Жер учаскесiн жалдау туралы шартты немесе уақытша тегiн жер пайдалану туралы шартты жасау кезiнде бекiтiлген үлгiлiк шарт негізінде жұмыс атқарылады. Жол құрылысы аяқталған соң, қазылған жерлерге тегістеу жұмыстарын жүргізіп, мемлекет қарамағына тапсырамыз», – дейді «Дәнекер-жол» ЖШС өкілі Мұхит Тұрсынбаев.

Сонымен қатар, ол Ақтоғай ауданының әкімдігі жердің мемлекеттік актісін жасау барысында құжатты бекітуді 6 айға созғанын айтады. Ал Ақтоғай ауданының осы салаға жауапты қызметкерлері актіні жасау жұмысының осынша созылуына құжатты әзірлеуші жеке кәсіпкерлер кінәлі деген уәж айтып отыр. Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің бас маманы Дамир Рамаевтың сөзінше, құқық бұзушылықты сипаттайтын нышандар бар.

«Қазір біз тексерген жерді қар басып жатыр. Сондықтан бірден шешім қабылдауға болмайды. Алдымен сараптамалар жасалуы қажет. Бірақ, өздеріңіз көріп тұрғандай, пайдаланған жер аумағында ауыр көліктің шиналары тау болып үйіліп жатыр. Бұл шиналарды кім әкеліп тастағаны белгісіз. Мұндай жерге қоқыс төгу – заңға қайшы. Мұны да құқық бұзушылықты сипаттайтын нышандарға жатқызамыз», – дейді Дамир Рамаев.

Ал қоғам белсендісі Төлеубек Дөнентаев жерді заңды пайдалану мен қорғалуын бақылау жауапты адамдардың басты міндеттерінің бірі екендігін алға тартты.

«Бұл жұмыстар жалғаса берсе, Қоңырқұлжаның шоқысына үлкен залал келері сөзсіз. Бұған жауаптылар тау жынысын алуға рұқсат берілгенін айтып отыр. Тіпті, Ақтоғай әкімінің баспасөз қызметі тас алып жатқан жерді Бектауата тауынан 23 шақырым жерде деп анықтама беріпті. Сонымен қатар, 2019 жылы 26 шілде күні №41 лицензия берілгендігін мәлімдейді.

Тауы қопарылып, тасы тасымалданған аумақ Бектауата тауынан 23 шақырым жерде деген ақпарат қисынға келмейді. Қоңырқұлжаның қопарылып жатқан бұл төбесін «Жанұзақтың төбесі» деп атайды.

Төбенің маңайында ашаршылық жылдарында қайтыс болған адамдардың бейіттері орналасқан. Тас үйіп жерлеген зираттар қазылып қалған. Бұған жауапты мемлекеттік органдарының жедел іс-шара қолдануын сұраймыз», – дейді Төлеубек Дөнентаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары