Әлеуметтік желілер арқылы Ресей Федерациясының аумағынан Батыс Қазақстан облысына қасқыр үйірі жіберілгені туралы видеоматериал тарауда. Жұртшылықтың назарын аударған осы қауесетке байланысты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы нүкте қойды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Бұл бейнематериал сенімді емес екенін хабарлаймыз. Видеодағы бейнелер мал немесе жабайы тұяқтылардікі болуы мүмкін. Біреу бұл материалды жалған таратуда. Бұл видео шындыққа жанаспайды", - деп, комитеттің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет facebook парақшасында хабарлады.
Сондай-ақ, ол осы ақпаратқа қатысты Батыс Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы мониторинг жүргізіп жатқанын жеткізді.
Сәкен Ділдахмет желідегі жазбасы арқылы қасқырлар туралы сыбысқа қатысты түсініктеме беріп қана қоймай, жалған ақпарат таратқандардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын ескертті.