Жерлестеріміз жұқпалы аурудан сақтанудың әзірге ең тиімді жолын таңдап, жаппай медициналық маска сатып алуға көшті. Бетперде саудасының жүріп тұрғаны соншалық, «оңайлықпен таппайсыз», деп әлеуметтік желіде кей тұрғындар қынжылуда. Бұл туралы «Хабар 24» хабарлайды.
«Бетперде жетпей жатыр» деген ақпар рас па, жалпы ол жұқпалы індеттен қаншалықты қорғайды. Қаладағы кей дәріханаларда медициналық бетперде жоқ.
Бұған журналистік зерттеу барысында көз жеткіздік. Әсіресе, қаланың оң жағалауында сұрау салғанымызда «жоқ» деген жауапты жиі естідік. Қазір интернет дамыған заман. Сондықтан дәріханадан таппағаныңызды онлайн-дүкендерден сатып алуға мүмкіндік бар. Тіпті, үйіңізге дейін жеткізіп береді. Тек ақшасын төлесеңіз болғаны. Міне, осындай интернет порталдар да науқанға қосылып, бетперде саудасының көрігін қыздырып жатыр. Мәселен, қарапайым бетперде 10 теңге, қара түстісі 90, ал респираторлар мен көп мәрте қолдануға арналғандары 10 есе қымбат тұрады. Солардың біріне біз де хабарласып көрдік.
"Тубдиспансерлерге арналған үш қабатты бетперделер бар. Олар адамды барынша қорғап, инфекциядан сақтайды. Арнайы респираторлар бар. Олар Алматыда және Қытай зауыттарында жасалған. Соңғылары шекара ашық кезде жеткізілген".
Жалпы Қытайдағы індеттен келер қауіп болмаса да, мамандар адам көп жүретін жерлерде бетперде кигенді жөн санайды. Әсіресе, қазан, наурыз айларында жұқпалы аурулардың тарауы жиілей түсетін көрінеді. Бұл аралықты мамандар «эпидемиологиялық маусым» деп атайды. Сондықтан дәрігерлер бетперде киіп қана қоймай, оны дұрыс қолданудың да маңызы зор екенін айтады.
"Мұрын мен ауызды жабу керек, сонда вирус келмейді. Бетпердені 3 сағат сайын және кірлеген сайын ауыстыру керек", - дейді эпидемиолог Ләйлә Шұгайыпова.
Соңғы күндері әлеуметтік желілерде «медициналық бетперделердің қоры таусылды» деген ақпарат тарады. Алайда, жауапты мекеме өкілдері мұны жоққа шығарды. Тіпті, алдағы уақытта қазақстандықтарды жұқпалы аурудан қорғау үшін Үкімет қорынан 1,5 миллиард теңге қаржы бөлінетінін жеткізді.