Ақтауда 8 жастағы бала белгісіз диагнозбен ыстығы көтеріліп, ауруханаға түсті, деп жазады Астана арнасына сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сегіз жастағы Орынбасар гимнастикамен айналысқан. Қайтыс болмас бұрын ол соңғы жаттығуына 27 қаңтарда қатысқан. Жаттықтырушының айтуынша, оқушы жақсы нәтиже көрсетіпті.
Орынбасар белгісіз жағдайда жан тапсырды.
Алдымен дәрігерлер оның қызуы қатты көтерілген соң, ЖРВИ-ге қарсы дәрі жазып берген. Біраз уақыт өткен соң, оның жағдайы күрт нашарлап, облыстық балалар ауруханасының реанимация бөліміне жатқызылды.
Дәрігерлер әзірге баланы менингококк инфекциясынан қайтыс болған деп болжап отыр. Алайда, нақты дигнозы сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.
Осы жағдайдан соң, баламен байланысқа түскен барлық оқушыны дәрігерлер тексеріп жатыр.
Айтпақшы, бұл аймақта осындай диагнозда ауруханаға түскен алғашқысы Орынбасар емес. Жақында екі жасар сәби де қатты қызумен балалар ауруханасына түскен болатын. Алайда дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандыра алды.